Аудан әкімі Ардақ Ибраимов 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесіне орай мерекелік қабылдау өткізіп, арнайы құттықтаулар табыстады.

«Біз қашанда қандай заман келсе де ел бірлігі арқылы еңсемізді тіктеп келеміз. Ел ішіндегі қазіргі жағдайды білесіздер. Елімізде бірқатар аймақтарды су алып, табиғи апат орын алып отыр.
Ел Президенті Қазақстан халқына арнаған үндеуінде табиғи апаттан зардап шеккен ауыл тұрғындарының шығындары толық өтелетінін, бірде-бір адам елеусіз қалмайтынын нақты айтты.
Ортақ іске жұдырықтай жұмылып, сын сағатта сынып қалмаған отандастарымыз Қазақстан – бірлік пен татулықтың мекені екенін тағы бір дәлелдеді деп есептеймін.
Аймақ басшысының қолдауымен, кәсіпкерлердің, еріктілердің және аймақ тұрғындарының бас болуымен су басқан облыстарға Сыр елінен де қажетті көмектер жеткізілді.
«Ел басына күн туса ер етігімен су кешер» деген. Міне, осындай жанкешті жұмыстар арқылы күшіміз бірлікте екенін дәлелдегендердің қатарында біздің ауданымыздың да бірқатар азаматтары бар.
Сын сағатта тек бірігу арқылы ғана қиындықты жеңіп, еңсе тіктеуімізге күш-жігерін жұмсаған осындай үлкен жүректі азаматтарға шынайы алғысымды білдіремін»,- деді Ардақ Ибраимов.

Қазіргі таңда аудандағы 250-ден аса этнос өкілдері тұрады. Бұл азаматтар Жалағаш жерінен өздерінің екінші Отанын тапты. Олар аудан құрылғалы ортақ мекеніміздің гүлденуіне, дамуына, алға қадам басуына елмен бірге тер төгіп келеді.

Міне, бүгін, тарих тоғыстырған, тағдыр табыстырған барша ұлт пен ұлыстың берік бірлігі мен тату тірлігі Қазақстанның басты жетістігі десек, артық айтқанымыз емес.

Бүгінгі таңда ауданымызда қазақы ортаны жатсынбай, осы жерде ұрпақ өрбітіп, кәсіппен айналысып, қызмет етуде.

Мерекелік қабылдауда аудан әкімі Ардақ Ибраимов 2024 жылғы 27 сәуір күні Түркістан қаласында «USHAR KZ» Қоғамдық қорының ұйымдастыруымен өткен, ІІ республикалық «Шуақты шақ – 2024» ата-әжелер ансамблінің және жеке орындау бойынша ән байқауында бас жүлдені иеленген Жалағаш аудандық «Ұлағатты аналар» кеңесін жеңісімен құттықтады.

Сондай-ақ, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әлиев Садық Әлиұлы, аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Асылбек Тәуіпбаев, аудандық мәслихат төрағасы Елеусінов Өмірзақ Тұрымбетұлы, «Жалағаш достық мекені» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мирман Дина Нұржанқызы, Хамиев Майырбек және Пак Лилия 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтаулары мен алғыстарын білдірді.

БӨЛІСУ