Аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев қоғамдық кеңес мүшелерімен кездесіп, алдағы уақытта атқарылатын жұмыстар төңірегінде ой бөлісті. Жиынға аудан әкімінің орынбасарлары, дербес бөлім басшылары мен қоғамдық кеңес мүшелері қатысты. Алдымен жиынды аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы А.Жоланов жүргізіп, кеңес мүшелерімен жүздескен аудан әкімінің алдағы жұмыстарына сәттілік тілеп, консультативтік кеңесші орган тарапынан атқарылған жұмыстар легін баяндады.

Өткен жылы аудандық қоғамдық кеңестің 7 отырысы өткізіліп, аудандағы өзекті деген біршама мәселелер қаралып, нәтижесінде құзырлы органдармен бірлесіп, тиісті шешімдер қабылданған.

Атап айтар болсақ, аудандық полиция қызметінің қылмыстық құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында атқарылған жұмыстары, Арал ауданы аумағында орналасқан қорымдарды қоршау мәселелері қаралған. Қажетті меморандумдар да жасалып, ел бірлігін нығайту жолында, ысырапшылдыққа жол бермей, заңсыздықтарды жою төңірегінде тұшымды ойлар айтылып, келелі кеңестер айтылған. Мұнан соң аудандық қоғамдық кеңес төрағасы А.Жоланов кеңес мүшелерін таныстырып өтті.

Жиында сөз алған аудан әкімі А.Оңғарбаев ең алдымен қоғамдық кеңес құрамына қабылданған азаматтардың түрлі салада еңбек етіп, олардың өз орталарында, халық арасында беделі бар екендігін тілге тиек етті. Сонымен қатар аудан көлемінде атқарылып жатқан бірқатар жұмыстар тізбегін баяндап, алдағы уақытта қолға алынатын маңызды жобаларды ортаға салды. Олар ауданда салынатын жайлы мектептер, халықтың көп жылдардан бері арманы болып келе жатқан аспалы көпір, құрылысы созылып жұмысы сақалды құрылысқа айналған мемлекеттік құрылыс жұмыстарын мейілінше тез аяқтау,алдағы уақытта салынатын құрылыстар мен ауыз сумен қамту жұмыстары. Аталған жұмыстарды атқару барысында қоғамдық кеңес мүшелерін бірлесіп жұмыс жасауға шақырған аудан әкімі жиналғандар тарапынан айтылатын ұсыныс-пікірлерге құлақ түрді.
Өз кезегінде қоғамдық кеңес мүшелері сөз алып, халық тарапынан келіп түскен арыз-шағымдар мен ұсыныстарды аудан әкімінің назарына ұсынды.
Аудан әкімі кеңес мүшелері тарапынан айтылған ұсыныс-пікірлердің барлығына тоқаталып, жасалып жатқан жұмыстарды тиісінше түсіндіріп өтті.

БӨЛІСУ