Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің құқықтану кафедрасының 4 курс студенттері Қызылорда облыстық прокуратурасында болып, мекеме жұмысымен танысты.

Прокуратура ғимаратына алғаш рет келген студенттер алдымен мұражайды тамашалап, құзырлы органның қызмет барысын көрді.

Мұнан соң түлектер мәжіліс залында облыс прокуроры Ризабек Ожаровпен кездесті. Өз кезегінде Ризабек Кәрімұлы қадағалаушы органның жұмыс бағытына тоқталып, қызмет барысындағы әртүрлі оқиғалар мен естеліктерін ортаға салды. Сондай-ақ прокуратура саласына жұмысқа орналасудың реттіліктері туралы айтып өтті. Еркін форматта өткен кездесуде студенттер өздерін толғандырған сұрақтарын қойып тұщымды жауаптарын алды.

Облыс прокуроры аймақтағы белді жоғарғы оқу орны Қорқыт ата атында Қызылорда университетімен алдағы уақытта да әріптестік бағыттағы жұмыстарды жандандыра беретіндігін айтып, тиісті қолдаулар көрсетуге әзір екендігін жеткізді.

БӨЛІСУ