Аудандық мәслихаттың мәжіліс залында Жалағаш кентінің бас жоспарына түзету енгізу жөнінде қоғамдық тыңдау өтті. Жиынға аудан әкімінің орынбасары Арнұр Нұрмағанбетов, аудандық мәслихат төрағасы Өмірзақ Елеусінов, мекеме және бөлім басшылары, жауапты сала мамандары және мердігер мекеме өкілдері қатысты.

Бас жоспар халық саны мен жұмыспен қамтылуының өсу болжамын анықтау, жобаланатын аумақтағы инвестициялық үдерістерді перспективалық жоспарлау, елді мекеннің аумақтық дамуының ұзақ мерзімді перспективаларын, аумақтық дамуының бағыттарын, жоспарлау құрылымын қалыптастыру, аумақты, коммуналдық объектілерді аймақтарға бөлу, көлік қызметін ұйымдастыру, инженерлік жабдықтар жүйесін дамыту, аумақты инженерлік дайындау және абаттандыру, аумақты қауіпті табиғи және техногендік әсерлерден қорғау процестер, табиғи ортаны және тарихи-мәдени мұраны қорғауды анықтау мақсатында әзірленеді.
Қазіргі таңда, Жалағаш кентінің халықтың өсу тенденциясына орай тұрғын үй құрылысын салу үшін жер телімдерін сұрау өтініштері күннен күнге өсуде. Сонымен қатар, кент бойынша тұрғын үй құрылысын салу үшін жер телімін сұраған кезектілікте тұрған азаматтар саны-2359-ға жуықтап отыр.

Жалағаш ауданы бойынша жеке тұрғын үй құрылысын салушылардың әлеуметтік ахуалын жақсарту мақсатында және кіші, орта кәсіпкерлікті дамыту үшін бас жоспарға түзету қажетілігі туындау негізінде облыстық бюджеттен тиісті қаржы бөлінді.

Мемлекеттік сатып алу конкурсының жеңімпазы болып «КАЗАХСТАНПРОЕКТ» мекемесі анықталып және қосалқы мердігер «Казгипроград» 1 Жобалау институты» ЖШС өз жұмыстарын бастады. Осыған сәйкес жиын барысында мекеме, бөлім басшылары өз ұсыныстарын жолдап, бас жоспардағы өзгерістерді жан жақты талқылады.

Жиынды қорытындылаған аудан әкімінің орынбасары А.Нұрмағанбетов тиісті сала басшыларына мердігер мекемемен бірлесе жұмыс жасауды тапсырды.

БӨЛІСУ