Бүгін аудан әкімдігінің мәжіліс залында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі аудандық комиссияның отырысы өтті.
Мәжілісті ашып, жүргізіп отырған аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбет күн тәртібінде аудандағы орта және арнаулы орта білім беру ұйымдарымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағытында атқарылған шаралар және алдын алу жөніндегі мәселелердің қаралатындығын жеткізді. Бұл жөнінде Қазалы аудандық білім бөлімінің басшысы Әділхан Жөлекешов пен Қазалы аграрлы – техникалық колледжінің директоры Арман Мұсаев баяндама жасады.
Баяндамашылардан кейін аудан басшысы өткен жылы сыртқы талдау нәтижесімен облыстың білім саласында мемлекет қаржысын жымқыру фактілер орын алғанын тілге тиек ете отырып, мұндай жағдайлардың алдын алу бағытында бірлескен шаралар жүргізу керектігін ескертті. Мұнан бөлек мектептер мен колледжде азаматтарды жұмысқа қабылдауда, мемлекеттік сатып алулар мәселесінде ешқандай сыйбайластықтың көрінісі болмау керектігін қатаң тапсырды.
Комиссия барысында күн тәртібінде қаралған мәселелерге қатысты аудан прокуроры Дарын Әбіш пен аудандық мәслихат төрағасы Ғазиз Әліш сауалдарын қойып, бірқатар ұсыныс-пікірлерін жеткізді.
Жиын соңында қала, кент және ауылдық округ әкімдері мен дербес бөлім, білім беру ұйымдарының басшыларына сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің туындау себептерін болдырмау, алдын-алу бағытында тиісті шаралардың қабылдануын және қызметшілердің әдептілік нормалары мен мінез-құлық қағидаларының сақталуын қамтамасыз етуге қатысты бірқатар тапсырмалар жүктеді.