Аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбеттің төрағалығымен аудан әкімдігі жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомоствоаралық комиссия отырысы өтті.

Комиссия отырысында бөтеннің мүлкін ұрлау, оның ішінде мал ұрлығы қылмыстарының алдын алу бағытында атқарылған шаралардың нәтижелері талқыланды. Бұл жөнінде аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Болатхан Мұқанов пен аудандық ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөлімінің басшысы Еркін Сейтов баяндама жасады.

Мұнан соң қосымша Майдакөл ауылдық округі бойынша 2023 жылы орын алған қылмыстық құқық бұзушылықтар мен олардың алдын алу бойынша атқарылған шаралар туралы ауыл әкімі Қонысбек Құрманбаев хабарлама жасады.

Күн тәртібінде көтерілген мәселелер бойынша атқарылған жұмыстардың легін тыңдаған аудан басшысы бүгінгі таңда аудан бойынша, әсіресе ауылдық округтерде мал ұрлығының белең алып отырғандығын айтты. Бұл бойынша елді мекендердегі учаскелік полиция инспекторларымен ауыл әкімдеріне бірлесе жұмыс жасап, мал ұрлығының алдын алу бойынша жұмысты күшейтуді тапсырды.

Сонымен қатар өзге де түрлі құықбұзушылықтардың алдын алу мақсатында тұрғындарға түсіндірме жұмыстарын кеңінен жүргізіп, ауыл шаруашылығы жануарларына чип орнату, сырғалау, сәйкестендіру және таңбалау жұмыстарының да баяу жүргізіліп жатқандығын айтып, бұл жұмыстарды жүйелі орындауды тапсырды.

БӨЛІСУ