2024 жылдың І тоқсанында тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласына тұтынушылар тарапынан 117 өтініш келіп түскен. Оның басым көпшілігі- бөлшек сауда саласына байланысты. Бұл көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 60 пайызға жоғары. Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында Қызылорда облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқығын қорғау департаментінің басшысы Ерқасым Сүлейменов 2024 жылдың І тоқсанында атқарылған жұмыстардың нәтижесі туралы баянадады.

– Бізге келіп түскен 117 өтініштің 72-сі бөлшек сауда саласы бойынша болып отыр. Атап айтсақ, сапасыз тауарды айырбастаудан, қайтарудан бас тарту және 14 күн ішінде тиісті сападағы тауарды айырбастамай, тұтынушыларды алдап, сапасыз тауар ұсыну. Одан бөлек, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық қызметтері саласы мен электрондық сауда, қоғамдық тамақтану салалары бойынша да бірнеше құқық бұзушылық өтініш келіп түсті. Аталған өтініштерді заңға сәйкес қарау қорытындысымен 62 өтініш қанағаттандырылды. Ал, 3 өтініш түсіндіріліп, 44 өтініш басқа мемлекеттік органдарға жолданды. Нәтижесінде, тұтынушыларға барлығы 6,4 млн теңгенің қаражаты қайтарылуына ықпал жасалды. Бұдан басқа, 2024 жылдың І тоқсанында “Сапалы өнім” жобасы қоғамдық тұжырымдамасы аясында ішкі нарықта отандық өндірушілер мен тұтынушыларды қорғау мақсатында сапасыз және қауіпті тамақ өнімдеріне зерделеу жұмыстары жүргізілді. Сараптама қорытындысы бойынша 5 өнімнен, атап айтқанда қаймақ, сүзбе және шикі ысталған шұжық өнімдерінен таңбалаудағы сәйкестіктер және мемлекеттік тілде ақпараттар жоқтығы анықталса, қалғандары талапқа сай келді, – деді Ерқасым Жайбергенұлы.

БӨЛІСУ