Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Қытай Халық Республикасына ресми сапары аясында Үрімжіге келді. Онда Қытай Халық Республикасының Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы Қытай коммунистік партия комитетінің хатшысы Ма Синжуймен кездесті.

Мәжіліс спикері Шыңжаң Қазақстан үшін достас Қытайға жол ашатынын және бұл оның екі ел арасындағы мәңгілік жан-жақты стратегиялық әріптестікті нығайтудағы рөлін көрсететінін атап өтті.

Жиын барысында Ерлан Қошанов екі елдің депутаттары өзара келісімдер мен уағдаластықтардың орындалу сапасын жүйелі түрде бақылай алатынын атап өтті.

Басқосуда сауда-экономикалық саладағы ынтымақтастық мәселелері де қозғалды.

– Қазақстанның Қытаймен сауда-саттығының жартысынан астамы Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданына тиесілі. Бұған былтыр қараша айында енгізілген визасыз режим оң әсер еткені сөзсіз. Жақында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Үрімжі қаласында QazTrade сауда өкілдігі ашылады. Оның қызметі екі ел арасында іскерлік байланыстарды нығайтуға бағытталады, – деді Е. Қошанов.

Өз кезегінде Ма Синьжуй Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданына жасаған сапарының маңыздылығына тоқталды. Ол Қазақстан Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» жаһандық бастамасын жүзеге асырудағы негізгі стратегиялық серіктесі екенін атап өтті.

Сапар барысында Мәжіліс делегациясы Қытайдағы ең ірі ауыл шаруашылығы техникасын өндіруші «Xinjiang Xinyan» компаниясының қызметімен танысты.

БӨЛІСУ