Қазақстан Республикасының Президенті, Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» тақырыбындағы ХХХІII сессиясы онлайн форматта өтті.
Сессияда Мемлекет басшысы соңғы жылдары Ассамблеяның қызметі айтарлықтай өзгергеніне тоқталды.
«Бұл құрылым қоғамдағы аса маңызды институтқа және этномәдени бірлестіктердің бас штабына айналды. Ассамблея барлық деңгейдегі мекемелермен түрлі бағытта серіктестік орнатып, басқаларға үлгі болуға тиіс. Жергілікті атқарушы органдармен және мәслихаттармен жұмыс жүргізу үшін тиімді тәсілдер табуға баса мән берген жөн», – деді Қ.Тоқаев.
Қатысушылар ұлттық құндылықтар, бейбітшілік пен келісім, білім және еңбек ету мәдениеті бойынша ой-пікірлерін бөлісті.
Сессияда сөз алған спикерлер Қазақстан халқы Ассамблеясы өкілдерінің су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге бірінші күннен бастап көмек қолдарын созғанын, «Жүректен-жүрекке» акциясының жүзеге асырылғанын жеткізді.
Қасым-Жомарт Кемелұлы тасқын сумен күресуге зор үлес қосқан отаншыл азаматтарға ризашылығын білдіріп, «Халқымыз өте ауыр сынаққа тап болды. Қазақстан аумағының жартысын тасқын су басып қалды.
Еліміздің мызғымас бірлігі осы қиын күндерде айқын көрінді.
Құтқарушылар, волонтерлер, мемлекеттік қызметшілер, сарбаздар, тәртіп сақшылары, қоғам белсенділері, бизнес өкілдері және жастар – бәрі бірге жүр. Ортақ істен ешкім шет қалған жоқ», – деді.
Сессия барысында Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы мемлекеттік органдар мен Ассамблея активі алдында бірқатар тапсырма жүктеді.
Сессия соңында қоғамдық келісім мен ұлттық тұтастық жолында қызмет етіп жүрген азаматтар марапатталды.
Сессияға онлайн байланыс арқылы Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері мен этномәдени бірлестіктердің жетекшілері, волонтер қатысты.
2024-04-26