Мәдениет ауылдық округінде Ұлы Отан соғысының ардагері, ұлағатты ұстаз Көшекбай Ерәліұлы атындағы көшенің ашылуы өтті.
Көшекбай Ерәліұлы – соғыс және еңбек ардагері, майдангер ұстаз. 1906 жылы Қара көл-Қостам болыстығында (қазіргі Жалағаш ауданы, Аққыр ауылы аймағы) дүниеге келген.
1988 жылы 20 қаңтарда дүниеден өтті. Ауыл молдасынан білім алып, кейін Бұхарадағы «Көкілташ» медресесін бітірді.
1927-1928 жылдары Дәулетназар ахунның мешітінде ашылған алғашқы кеңестік мектепте бала оқытты.
1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысына қатысты. Майданнан оралғасын 1966 жылы зейнет демалысына шыққанға дейін оқу-ағарту саласында жемісті еңбек етті.
Қатардағы мұғалімнен, мектепте оқу ісінің меңгерушісі, мектеп директоры қызметтерін атқарды.
ІІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен, «Ерлігі үшін» медалімен, «Қазақ КСР халық ағарту ісінің үздік қызметкері», «Қазақ КСР-нің озат оқытушысы» кеудебелгісімен марапатталған, төрт мәрте Бас қолбасшы Сталиннің «Алғыс хатын» алған.
Майданда елді жаудан қорғап, бейбіт күнде ел үшін еңбек етіп, бақытын еңбектен тапқан, ұрпақ өсіріп, мәуелі бәйтерекке айналған Көшекбай әкеміздің есімін елі ұмытқан жоқ. Бүгінгі Мәдениет ауылындағы игі іс осы сөзімізге дәлел болмақ. Аудан әкімінің орынбасары Ғани Сүлейменов өз дәуірінің тарихын жасап кеткен нар тұлғалы азаматтың, соғыс ардагерінің ерлік ісі кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге екенін жеткізді.
Шара барысында Көшекбай Ерәліұлының көзін көрген Мәдениет ауылының еңбек ардагері Жылқыбай Әнуарбекұлы, соғыс ардагерінің қызы Роза Көшекбайқызы майдангер ұстаздың ел үшін еткен еңбек жолына тоқталып, өнегелі істерін еске алып, ардақ тұтар азаматтарымыздың есімі мәңгі ұмытылмайтынын жеткізді.