20 сәуір күні Сыр өңірінде бәйгеден Қазақстан чемпионаты өтеді. Еліміздің түкпір-түкпірінің жиналған үздік шабандоздар бәйгенің үш түрінен бақ сынайтын болады. Атап айтқанда, құнан бәйге, топ бәйге, аламан бәйге. Дүбірлі доданың жалпы жүлде қоры – 20 900 000 теңге. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы басшысының орынбасары Жігер Айекешов хабарлады.
–Ұлттық спорт түрлерін дамыту – қазақы құндылықтарымызды айрықша айшықтайтын басты брендіміз саналады. Оның ішінде ат спортының орны ерекше. Осыған орай, 20 сәуір күні сағат 12.00-де бәйгеден оңтүстік аймақтық Қазақстан чемпионатының үшінші іріктеу кезеңі өтеді. Биыл республика көлемінде 10 іріктеу кезеңі ұйымдастырылып, ал соңғы қорытындысы Астана қаласында болады. Сыр өңірінде өтетін дүбірлі доданың басты серіктестігі – Kazpetrol Group. Іріктеуде үздік бестіктен көрінген жеңімпаздар күзде өтетін Қазақстан чемпионатының финалдық кезеңіне жолдама алады. Сонымен қатар, 20-30 сәуір аралығында қаладағы ипподромда Қазақстан Республикасының көкпардан ересектер арасында чемпионаты өтеді. Қазір дайындық барысы қызу жүруде, – деді Жігер Ондасынұлы.
–Сыр жұртшылығы асыға күткен бәйгеден Қазақстан чемпионатының үшінші іріктеу кезеңіне 160-қа жуық жүйрік ат қатысады деп жоспарлануда. Бәйге түрлері бойынша: құнан бәйге – 8 км, топ бәйге – 13 км, аламан бәйге – 19 км-ден жарысады. Жеңімпаз атанған шабандоздар қомақты сыйақымен марапатталатын болады, – деді Қызылорда облысы бойынша ұлттық бәйге федерациясының президенті Талғат Киікбаев.
Қызылорда қаласындағы ипподромда 20-30 сәуір аралығында көкпардан Қазақстан Республикасының 23-і чемпионаты өтеді. Осыған орай, Ұлттық ат спорты түрлерінің мемлекеттік жаттықтырушысы Нұркен Байбуриев көкпар жарысының негізгі ережелеріне тоқталып өтті.
– Сыр елі қашан да ұлттық спортымызды дәріптеп, қолдау білдіруде ерекше белсенділік танытады. Соның арқасында мұнда ұлттық спорт түрлері қарқынды дамып келеді. Биыл да кезекті бәйгеден және көкпардан чемпионат ұйымдастырылмақ. Көкпарға 16 команда қатысуға ұсыныс берді. Тиісінше, 192 спортшы көкпардан өзара бақ сынайды. Осы жылғы көкпардың тағы бір ерекшелігі – әскери команда да тәжірибе жүзінде қосуға шешім қабылданып, чемпионатқа қатысатын болады, – деді Нұркен Байбуриев.