«Жігітке жеті өнер аз» деген халқымыз «жетпіс жеті өнер де аз» деп те айтқан. Ал сөз өнерін осы «жетпіс жеті өнердің» бәрінен жоғары қойған. Өйткені «сөз тас жарады, тас жармаса, бас жарады». Айтыс – «қиыннан қиыстыратын» кәнігі шеберлік, алғырлық пен тапқырлықты қажет етеді. Ерте заманнан-ақ «Өнер алды – қызыл тіл» деп сөздің қадірін білген қазақ халқы жалпы әдеби мұраға, оның ішінде айшықты сөз өрнектейтін ақындар айтысына ерекше мән беріп, соны өзінің рухани өмірінің жарқын көрінісі ретінде ұрпақтан-ұрпаққа жалғастырып отырған. Бүгінде мектеп қабырғасында жас өскінге айтыстың «әліппесін» үйретіп, жаңа буынды ұлттық өнерге баулып жатса, оған қалайша қуанбассың!
Қызылорда төрінде “Теңіз тербеткен тау тұлға” атты республикалық оқушылар айтысы өз байрағын көтереді.

“Көктем нұры” аталып, дәстүрлі сипат алған жас ақындар додасына биыл классик жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің өмірі мен шығармашылығы өзек болмақ.

Осы орайда, бүгін барлық жас ақындар және олардың жетекшілерінің қатысуымен жуырда ғана ашылған Жыраулар үйінің мәжіліс залында “Өңірлердегі айтыс мектептері және үйірме жұмыстары” тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Әр өңірдегі жас ақындарды баулу үрдісі сөз болған бас қосуда ҚР мәдениет саласының үздігі, Сырдың даңқты ақыны Серік Ыдырысов, “Құрмет” орденінің иегері Мамыр Байдаулетов жас ақындарға жылы лебіздерін білдіріп, батасын берді. Жиыннан соң қонақтар жыраулар үйіндегі мұражаймен танысып, шаһарда жаңадан бой көтерген бірқатар ғимараттарды аралады. Өлке тарихын терең ұғынып, өңірдің тыныс тіршілігін көрген қонақтар қала тазалығын, жаңа мәдени орталықтардың керемет екенін айтып, ризашылықтарын жеткізді.

Айта кетейік, еліміздің 6 аймағынан және Сыр өңірінен барлығы 10 жас ақын бақ сынайтын республикалық оқушылар айтысы ертең 12 сәуір сағат 10:00-де А.Тоқмағамбетов атындағы өнер ордасында өтеді.

БӨЛІСУ