Аралдағы аспалы көпірдің құрылысы 50 пайызға орындалып отыр.

Бүгін «AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Наурызбай Байқадамов Арал ауданында болып, әлеуметтік маңызы бар нысандардың құрылыс жұмыстарымен танысты.

Филиал төрағасы алдымен халықтың өтініші негізінде қолға алынып, Арал қаласындағы темір жол үстінен салынып жатқан аспалы көпір құрылысын көрді.

Атап өтейік, облыс көлемінде Қызылорда қаласынан кейінгі «Қала» статусына ие аудан орталығында 40 мыңға жуық халық қаланы бөліп тұрған темір жолдың екі жақ беткейінде орналасқан. Бүгінгі күні, көлік қатынасы бір ғана темір жол өткелі (переезд) арқылы жүргізілуде. Аталған темір жол арқылы Ресейден (Москва) – Өзбекстан (Ташкент), Қырғызстан (Бішкек) халықаралық бағытында қатынайтын тәулігіне 40-тан астам жүк және жолаушылар пойыздары өтетін болса, бұл өткел жабылған кезде, 2-2,5 шақырымға дейін автокөлік кептелісі пайда болып, шұғыл жетуді қажет ететін жедел жәрдем, өрт сөндіру, құқық қорғау органдары қызметтерімен қоса, жергілікті тұрғындарға үлкен кедергісін келтіріп келеді.

Осы орайда мәселенің аса маңыздылығын ескере отырып, Арал халқының орындалмастай арманына айналған Арал қаласындағы темір жол үстінен аспалы көпір құрылысын салу туралы шешім қабылданған болатын. Көпір құрылысын бастауға өткен жылы республикалық бюджеттен қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары басталған еді. Бүгінгі күні, көпірдің 50% пайыз жұмысы аяқталған.

Ағымдағы жылға қаралған қаржыға бетон құю жұмыстары мен көпірдің екі жағындағы кірме жолдардың құмды қабатын толықтай көтеріп, көпірдің қаңқалық конструкциясы монтаждалып, асфальт жабындысы төселемек.

Жоба бойынша көпірдің ұзындығы 940 метрді құрайды.Қосымша екі жағынан жаяу жүргіншілер жолы мен түнгі жарық шамдары және дыбыс басқыш құралдармен жабдықтау қарастырылған. Құрылыс жұмыстары бекітілген күнтізбелік жоспарға сәйкес қарқынды жүруде.

Мұнан соң, Наурызбай Байқадамов Президенттің бастамасымен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында қолға алынған 300 орындық білім ордасының құрылыс жұмыстарымен танысты. Жалпы ұлттық жоба аясында өңірімізде 10 мектеп бой көтермек.

Құрылыс жұмыстарымен танысқан партия филиалының төрағасы мердігер мекеме басшыларына қаржының мақсатты игерілуі, құрылыс сапасы «AMANAT» партиясың тікелей бақылауында екенін жеткізді.

БӨЛІСУ