Мемлекет Басшысының тапсырмасына сәйкес, «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының басталғаны белгілі. Оның аясында әр аптада бекітілген тақырыптар бойынша аумақтарды абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары жүргізіледі.

Республикалық акция аясында Сыр өңірінде “Таза Қазақстан – таза аймақ” экологиялық науқаны бастау алды.

​Науқанның бірінші аптасы «Таза өлке» атауымен аталып, бүгін ұйымдастырылған игі бастамаға барлық мекеме ұжымдары, үкіметтік емес ұйым өкілдері, еріктілер, қоғам белсенділері мен жастар және тұрғындар белсенді қатысты.

​Акцияға қатысушылар бекітілген аумақтарда тал көшеттерін отырғызып, сквер-аллеяларды тазалап, аяқ су жүретін арық көздерін аршыды. Ал, арнайы мекеме жұмысшылары аялдамаларды, жолаушылар дамылдайтын орындықтарды, бағдаршамдарды жуып, жарық бағаналарын сырлады.

​Айта кету керек, 2-ші наурыз бен 4 мамыр аралығына облыс әкімінің өкімімен жарияланған екі айлық санитарлық тазалық, көркейту-көгалдандыру шарасы басталғалы қалаішілік арықтар аршылып, негізгі каналдар тазаланды. 8 000-ға жуық тал көшеттері отырғызылды. Екі айлық аяқталғанша 35 мың түп саялы ағаш егіледі. Жас өскіндерге жаңадан құрылған «Жасыл-Қызылорда» мекемесі күтім жасайды.

БӨЛІСУ