Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев бейресми кездесу өткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастықты одан әрі нығайту мәселелерін талқылады.

Қазақстан Президенті ислам өркениеті мен сәулет өнерінің жауһары саналатын Хиуа қаласында өтіп жатқан кездесудің символдық мәні бар екеніне назар аударып, барлық бағыт бойынша табысты дамып келе жатқан екіжақты ынтымақтастыққа көңілі толатынын мәлімдеді.

Мемлекет басшысының айтуынша, екі ел үкіметтері қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыру ісімен белсенді айналысып жатыр. Тиісті «жол карталары» жоспарлы түрде орындалып, қол қойылған келісімдер мен сауда келісімшарттары бойынша жұмыс жүргізілуде. Өзара тауар айналымының көрсеткіштері жаман емес. Өткен жылдың қорытындысы бойынша оның көлемі 4,4 миллиард долларды құрады. Өнеркәсіп, энергетика, көлік және логистика, ауыл шаруашылығы салаларында бірлескен жобалар жүзеге асырылып жатыр. Бүгінде портфелімізде инвестиция көлемі 2,5 миллиард доллардан асатын 60 бірлескен жоба бар. Оның аясында 13 мыңнан астам жұмыс орны ашылады. Халықаралық өнеркәсіп кооперациясы орталығын салу жобасы да сәтті ілгерілеп келеді.

Мемлекет басшысы «HIVA GILAMLARI» кілем тоқу фабрикасына барды.  Қасым-Жомарт Тоқаев Хиуа қаласына жұмыс сапары барысында Президент Шавкат Мирзиёевпен бірге Өзбекстан жеңіл өнеркәсібіндегі үлгілі кәсіпорындардың бірі саналатын «HIVA GILAMLARI» кілем тоқу фабрикасын аралап көрді.

Іргесі 1977 жылы қаланған кәсіпорынға жаңа инвестор толықтай реконструкция жасаған. Мұнда жылына 4,2 миллион шаршы метр кілем тоқитын төрт цех жұмыс істейді.

Мемлекеттер басшыларына акрилден иірілген жіп өндіру цехы, кілем тоқу цехтары және дайын кілем үлгілерінің шоу-румы көрсетілді.

Кәсіпорын директоры Камол Абдуллаевтың айтуынша, фабрика кілемдері ішкі нарыққа сатылады, сондай-ақ ТМД елдеріне, ҚХР мен АҚШ-қа экспортқа шығарылады.

Сонымен қатар, Президенттер Өзбекстан өнеркәсіп тауарларының көрмесін тамашаладыПавильондарда арнаулы техника, электр техникалық жабдықтар үлгілері, бау-бақша шаруашылығының селекциялық жетістіктері, тоқыма, химия, тамақ, фармацевтика өнеркәсібі өнімдері, жібек, тері және зергерлік бұйымдар көрмеге қойылған.

Президенттер шекаралас облыстар аумағында экспортқа бағдарланған кәсіпорындар кластерін құрудың маңызды екенін атап өтті.

Мемлекеттер басшылары Арал теңізінің табанына сексеуіл егіп, аймақтағы экологиялық ахуалды жақсарту үшін бірлескен күш-жігер жұмсау қажет екеніне назар аударды.

БӨЛІСУ