Рамазан айы – айлардың сұлтаны, ең қайырлысы және сабырлық айы. Сондықтан әлемнің барша мұсылмандары бұл айға ерекше құрметпен қарап, ауыз бекітіп, пітір-садақаларын таратып, игі амалдарды еселеуге асығады.
Әркез халқымыз ата-баба салтына сай дархан көңілдерін, ризашылық ниеттерін дастарқан жаю арқылы жеткізетіні белгілі. Қасиетті Рамазан айында қалалық мәслихат депутаттары да осындай сауапты істерді қолдап, ауызашар дастарханын жайды.
Бұл дәстүрлі дастарханға ел ағалары, депутаттардың сайлау округтері бойынша қала тұрғындары, ардагерлер, қалалық мәслихаттың бұрынғы сайланған депутаттары мен төрағалары және елдің дамуы үшін әр салада еңбек етіп жүрген жандар қатысты.
Ауызашарда Қызылорда қалалық орталық “Нұр” мешітінің Бас имамы Берік Мәдиұлы жиналған көпшілікті қасиетті Рамазан айымен құттықтап, ұстаған оразаның қабыл болуына тілектестік білдірді, жамағатқа арнап оразаның пайдасы мен ұстау қағидалары жөнінде, берілетін садақа, қайырымдылық шаралары туралы айтты.
Қалалық мәслихат төрағасы И.Құттықожаев, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Дүйсенбаев, 6-шақырылымдағы мәслихат хатшысы болған Р.Боханова, сайлаушылар атынан Тасбөгет кенті ардагерлер кеңесінің төрағасы Р.Молдашев, Қызылжарма ауылының ардагері С.Сөкенов ізгі ниеттерін білдіріп, еліміздің бірқатар өңірінде өр суы арнасынан асып, елді әбігерге салған жағдайлардың енді қайталанбауына тілектестіктерін білдірді, ел ақсақалы С.Аңсат ақ батасын берді.
Рамазан айындағы барша ағайынның ниеттері қабыл болып, елімізде тыныштық, әр отбасыда бақ-береке орнасын!