Бүгін Отбасы орталығында Қызылорда облыстық ҚХА жанындағы Аналар кеңесі мен облыстық мәдениет басқармасымен бірлескен іс-шара өтті.
Іс- шара 50 жыл бірге ғұмыр кешіп, ақ некенің қадір-қасиетін ұғынып, отбасы құндылығы мен шаңырақ шаттығын шарықтатқан Бұрхановтар отбасына арналды. Бұл күні Отбасы орталығының қызметкерлері Жамбыл Бұрханов пен Ізімкүл Жанекееваға №1 некені қайта жаңғырту Сертификатын табыстап, оларды «Алтын той» иегерлері деп жариялады және облыс әкімі аппараты басшысының Құттықтауын табыстады. Той иелерін барша туған-туыстары, бала-шағалары, Аналар кеңесінің белсенді мүшелері мен «Әжелер» ансамблі құттықтап, ерекше құрмет көрсетті.
Айта кететіні, Жамбыл Бұрханов пен Ізімкүл Жанекеева 1964 жылы 7 қарашада шаңырақ көтерген. Отбасында 5 ұл, 3 қыз тәрбиелеп, өсірген. Бүгінгі күні 32 немере, 28 шөбере сүйіп отыр.
Іс-шарада Қызылорда облыстық ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің төрағасы Айгүл Мұсабаева жоба маңыздылығына тоқталып өтті.
-“Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт” республикалық жобасын жандандыру мақсатында үш ауқымды жоба қолға алынған болатын. Олар “Алтын шаңырақ”, “Күміс кереге”, “Сарбаздар анасы” жобалары. Жобалардың мақсаты – халыққа үлгілі, өнегелі отбасыларды насихаттап, 30 жыл отасқан үлгілі отбасыларға «Күміс кереге», ал 50 жыл отасқан отбасыларға «Алтын шаңырақ» номинациясы бойынша марапат ұсыну. Осы ретте аудан, ауылдардағы өнегелі отбасыларды дәріптеу. Бүгін біз «Алтын шаңырақ» жобасы аясында үлгілі отбасыны ұлықтап, жас ұрпаққа насихаттау мақсатын көздеп отырмыз, -деді.
Мұнан соң барша қатысушылар мен Бұрхановтар отбасы «Анаға тағзым» орталығына жол тартты.

БӨЛІСУ