Бүгін республикалық және облыстық БАҚ өкілдері Қазалы ауданының білім саласындағы атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.Аудан орталығындағы 165 мектептегі “Жасыл желекті мектептен — жасыл әлемге” тақырыбындағы аудандық семинардан бастау алды.
Семинар жұмысында аталмыш мектептің жылыжай жұмыстары, топырақтың құнарлылығын арттыруда ізденісте жүрген оқушылардың зерттеулері көрсетіліп, орта сынып оқушыларымен “Жасыл акция” аясында ата-аналармен бірге көшеттер отырғызылды.
Мұнымен бірге кәсіби шеберхананың эко өнімдері, қалдықтарға екінші өмір сыйла үйірмесінің «Киіз басу» жұмыстарын, домбыра жасаушы кәсіпкермен мектепте мастер-класс көрсетті.
Семинардың екінші кезеңінде жас зерттеушілер шеберханасының жұмыстары атап айтсақ, 78 мектептің «Табиғи бордың қасиеті» ,»Тұзды көл құпиясы», “Ащыбұлақ суының емдік қасиеті”ғылыми жобалары инвестиция салуға болатын жоба екендіктерін дәлелдеді.
90 мектептің “Павлония-болашақтың таза демі” атты кәсіпкерге бастама болған жобасы мен 95 мектеп оқушыларының “Қой жүнінен таза табиғи тыңайтқыш өндіру”, “Кептірілген цукат өнімдері” ғылыми жобалары аудандағы жаратылыстану бағытындағы пәндердің жоғары деңгейде екендігін білдіреді.
Жыл басында аудан халқы асыған күткен Әйтеке би кентіндегі 250 орындық мектептің құрылысы толық аяқталып, білім ордасы өз жұмысын бастады. Сол секілді Құмжиек ауылдық округіндегі Қ.Күлетов атындағы № 92 орта мектеп күрделі жөндеуден өтті. (Құны 208,3 млн. теңге) Ал 2023 жылы білім беру ұйымдары базасын жақсарту мақсатында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Жанқожа батыр ауылынан 300 орындық мектеп құрылысы басталды. Бұл үшін 2023 жылы бюджеттен 1 млрд. теңге қаралды. Білім ордасы осы жылы пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Айта кеткен жөн, былтыр 3 мектепке аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлының қолдауымен (№70, №234, №249 мектептерге) балалар тасымалы үшін заманауи үлгідегі 3 автобус берілді.