Бүгін «Тағзым» алаңында Тәжік-Ауған шекарасында ерлікпен қаза тапқан жауынгерлерді құрметпен еске алу шарасы өтті.
Бұл күні, 7 сәуір 1995 жылы, ел үшін кеудені оққа керген қазақстандық сарбаздар Тәжік-Ауған шекарасында айбынды ерліктің, қайтпас қайсарлық пен беріспес батылдықтың ерен үлгісін көрсеткен болатын.
Шарада аудан әкімінің орынбасары Бектас Нуридинов ардагерлерге ізгі лебізін білдірді.
— Тәжік-Ауған соғысы ардагерлерін қадірлеп-құрметтеуді өзіміздің борышымыз деп білеміз. Кеудесін оққа тосып, өздерін жасындай өмірін тәуекелге тіккен жауынгерлердің ерен ерліктері қанша уақыт өткеніне қарамастан ел есінде, ұрпақ жадында сақталады, — деді.
Сондай-ақ, Тәжік-Ауған шекарасында жауынгерлік қимылдарына және әскери қақтығыстарына қатысушы ардагер Ербол Құрбанбеков алғысын білдірді.
Шара барысында Тәжік-Ауған шекарасында қаза болған жауынгерлерді бір минут үнсіздікпен еске алып, гүл шоқтары қойылды. Ерлікпен қаза тапқан жерлестеріміздің рухына құран бағышталды.
Одан соң аудан әкімінің орынбасары Бектас Нуридиновтің қатысуымен Тәжік-Ауған шекарасындағы әскери қақтығыстарға қатысқан ардагерлерге құрмет көрсету іс-шарасы өтті.
Жиынға Тәжік-Ауған шекарасындағы қақтығысқа қатысушы ардагерлер, аудандық, кенттік ардагерлер кеңесінің төрағалары, ҮЕҰ, БАҚ өкілдері қатысты.
Аудан әкімінің орынбасары жиынның алғы сөзінде Тәжік-Ауған шебінде бітімгершілік мінддеттерін адал атқарып, көрсеткен айбынды ерліктері үшін алғысын жеткізіп, бірқатар жауынгер ардагерлерге аудан әкімінің алғыс хатын табыс етті.
Одан соң, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өмірсерік Тақырбасов пен ел ағасы Изатулла Нарзилдаев құттықтау сөз сөйлеп, ізгі лебіздерін білдірді.