Республикалық «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы бойынша 2009 жылы пайдалануға берілген 1200 оқушыға арналып салынған Арал қаласындағы №262 мектеп — гимназиясында бүгінде екі ауысым бойынша 1242 оқушы білім алуда. Осы уақыт аралығында білім ұясынан түлеп ұшқан оқушылардың ішінен 26 түлек — «Алтын белгі»иеленсе, 10 түлек — “Үздік аттестат” иегері атанған.
Аталмыш білім ордасына 2020 жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Премьер министрі, мемлекет және қоғам қайраткері Ұзақбай Қараманұлы Қарамановтың есімі беріліп, білім шаңырағынан қоғам қайраткері атындағы қоғамдық музейі ашылған.
Қазіргі таңда мектеп – гимназия қабырғасында барлығы 117 мұғалім қызмет етеді. Оның ішінде педагог -зерттеуші санатында -18 мұғалім, педагог- сарапшы – 44, магистр – 3 мұғалім қызмет жасаса, Қорқыт ата атындағы мемлекеттік университетінің phDдокторы мектеп – гимназия оқушыларына дәріс береді.
Білім ордасының, оның ішінде “Ұстаз. Оқушы. Ата-ана” атты үштік одағын толағай табысқа кенелткен жүйелі жұмыстардың ішіндегі ең сүбелісі облыстық “Үздік білім беру ұйымы” байқауында “34 миллионды” иеленіп, аудан тарихында бұрын — соңды болмаған жетістікке қол жеткізуі болды.
2023-2024 оқу жылында мектеп оқушылары “Ұлттық мектеп лигасы”, “Дебат” клубы мен “Оқуға құштар мектеп”, “Мектеп театры”жобаларымен қамтылып, белсенді түрде жұмыс жасауда.
Жеке тоқталар болсақ, бүгінгі тур барысында жас оқырмандардың әдеби кітапқа құштарлығын арттыру, болашаққа өз үлесін қоса білетін ізденімпаз ұрпақ, оқыған кітаптарын талдай отырып, рухани тәлім алып, кітап оқуға бейімделген бала тәрбиелеу, отбасылық оқу дәстүрінің өркендеуіне себеп болу мақсатында ұйымдастырылған “Оқуға құштар мектеп” жобасы аясында “Кітап- құндылық қазынасы” атты 6 “А” сынып ата-аналарының балаларымен бірге танымдық сағат өткізілді.
Мұнан бөлек, қызығушылығын өз мамандығына айналдырған оқушы қалыптастыру мен мектептің киностудия жұмыстарын дамыту мақсатындағы “Жас Мобилограф» үйірмесі смартфонның көмегімен түрлі видеороликтер түсіріп,қызықты сәттерді дұрыс монтаждауды үйретеді.
Ұлттық ойындарды жаңаша әдіспен насихаттау мақсатындағы ортаңғы сынып оқушыларымен өткен “Ақ сүйек”, “Қыз қуу”, “Көкпар» ойындары ұмытылып бара жатқан салтымызды сақтап, дәстүрімізді дәріптей отыра бәсекеге қабілетті ұлт тәрбиелеуге негізделген.
“Жалын бер, жігерлендір, үйрет, жасап көрсет, сонда ғана өзің күткен нәтижені сенімді түрде көре алу мүмкіндігіне ие боласың” деген қағиданы жадында жаңғыртқан ұстаздар қауымының салаға еткен еңбегі ұшан-теңіз.