Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен мәжілісте тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамту, су бұру мәселелері талқыланды.
Аймақ басшысы ауыз сумен қамтамасыз ету және су бұру мәселелері өңір жұртшылығы үшін зор маңызға ие екенін атап өтті.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы 2021 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында Өңірлерді дамытудың ұлттық жобасы аясында бес жылда халықты 100 пайыз таза ауыз сумен қамтамасыз етуді тапсырды. Қазір облыс аумағында 4 қала және 230 ауылдық елді мекен бар. Қалалардың барлығы ауыз сумен толық қамтылған. Өткен жылы Арал ауданы «Көктем» елді мекеніне ішкі су жүйесі салынды, «Құландыға» су тұщытқыш қондырғы орнатылды, «Мойнаққа» шахталық құдық қазылды. Шиелі ауданы «Қосүйеңкі» және «Қызылқайың» елді мекендеріне ішкі су жүйесі жүргізілді, «Жуантөбеге» су тұщытқыш қондырғы қойылды. Осылайша халықты орталықтандырылған ауыз сумен қамту үлесі 98,4 пайызға жетті. Қазіргі таңда облыс аумағында орталықтандырылған ауыз сумен қамтылмаған адам аз қоныстанған 26 елді мекен бар. Ендігі кезекте алдымызда Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес осы елді мекендерді 2025 жылдың соңына дейін орталықтандырылған сапалы ауыз сумен қамту міндеті бар. Бүгінде бұл бағыттағы жұмыстар қарқыны атқарылуда», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Тұрғындарды ауыз сумен қамту мәселелеріне орай облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Медет Усаин, «ОДСП Арал» мекемесі басшысының міндетін атқарушы Серікбай Жәлелұлы, қала, аудан әкімдері баяндама жасады. Мұнан бөлек, орталықтандырылған ауыз суды пайдаланушы нысандарды есепке алу, қызмет сапасы, су ресурстарын үнемді әрі мақсатты пайдалану жолдары талқыланды. Жауапты мекеме басшыларына тиісті тапсырмалар берілді.

БӨЛІСУ