САЛА БАСШЫЛАРЫ ЖОЛАУШЫЛАРҒА ТҮСІНДІРМЕ ЖҰМЫСТАРЫН ЖҮРГІЗУДЕ

Ақтөбе облысында ауа-райының қолайсыздығына байланысты кеше сағат 21.00-ден бастап республикалық маңызы бар М-32 «Самара-Шымкент» автомобиль жолының 1240-1357 шақырым аралығына (Ақтөбе облысының шекарасынан Арал қаласына дейін) барлық көліктердің қозғалысына уақытша шектеу қойылды.

Аталған қолайсыздыққа байланысты аудан әкімінің орынбасары Әліби Байнахатов аудан аумағында «Достық» кешеніне орналасқан жолаушылармен кездесіп, түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Достық кешенінде 10 жүк көлігі, 13 адам орналасқан.

«Достық» кешенінде 25 орындық қонақ үй, 65 орындық асхана, 25 орындық VIP зал, 1 азық-түлік дүкені, 1 душ және 1 газ құю бекеті жұмыс жасайды. Азық-түлік, дәрі-дәрмек және ауыз су толығымен жеткілікті. Сондай-ақ қонақ үйде жолаушыларға қосымша резервтік жатын орындары қарастырылған. Кешен иесімен аудан әкімдігі тарапынан төтенше жағдай орын алған уақытта ыстық тамақ және жатын орындармен қамтамасыз ету жөнінде екі жақты келісім шарт жасалған.

Аудан әкімдігі, төтенше жағдайлар бөлімі, полиция қызметкерлері тарапынан жолаушыларға жолдың жабық екендігі жөнінде үздіксіз ақпараттар беріліп, жағдай толық бақылауға алынды.

БӨЛІСУ