Сыр елінің тәртіп сақшылары мен ардагерлері маңғыстаулық ардагерлер жолдаған эстафетаны қабылдады.

24 наурыз күні маңғыстаулық ардагерлер “Әбіш Кекілбаев” атындағы мұражай аумағында тал отырғызу шарасын ұйымдастырып, аталмыш челленджді Қызылорда облысының Полиция департаментіне жолдаған болатын.
Эстафетаны қабылдаған қызылордалық полицейлер мен ардагерлер бүгін көшеттер отырғызып, табиғатты көркейтуге өз үлестерін қосты.
Шара Тұңғыш Президент атындағы саялы бақта өтті. Экологиялық мәдениетті қалыптастыруды көздеп, игі істе ұрпақтар сабақтастығын дәріптеген бұл челленджге ішкі істер органдарының ардагерлері, Қызылорда облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары полиция подполковнигі Омаров Оралбек және жас полиция қызметкерлері қатысты.
Ағаш отырғызу адам өміріндегі ең маңызды істердің бірі деген қызылордалық полицейлер сәні мен салтанаты жарасым тапқан саябақтың жасыл белдеуіне тал егіп, игі іске жұмыла кірісті.
«Маңғыстаулық Ақсақалдар кеңесі жолдаған тал отырғызу челленджін Қызылорда облысының Полиция департаменті мен Ардагерлер кеңесі қабылдап, бірауыздан қолдады. Міне бүгін аталмыш шара барысында біз ағаш көшеттерін отырғыздық. Мұндағы мақсат – қоршаған ортаға деген қамқорлықты көрсетіп қана қоймай, жеке құрам қызметкерлерін еңбекке құрметпен қарау рухында тәрбиелеу» деді Ардагерлер кеңесінің төрағасы Серікбол Қуатбайұлы.
Табиғатқа ерекше ықыласпен қарайтын халқымыз ағаш егуді игі іс санаған. Кейінгі ұрпаққа өнегелі ісін көрсетіп, «атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген тәмсілмен ағаш отырғызған тәртіп сақшыларының игілікті ісі өнеге боларлық.

БӨЛІСУ