Бүгінгі кейіпкеріміз – Қазалы ауданының тұрғыны Ақбала Шүйіншәлі “Ауыл аманаты” жобасы аясында жеңілдетілген несие алып, Ақтөбеден пластик бөтелкелер құятын Ресейдің “Техноиндустрия” компаниясының жабдығына қол жеткізді.

А.Шүйіншәлі 10 жылдан астам кәсіпкерлікпен айналысып келеді. Жеке аралас дүкені халыққа қызмет көрсетіп тұр. Онда құйылмалы сусын сататындықтан сырттан пластикалық ыдысқа тапсырыс беретін. Оның әр данасы 65 теңгеден болғандықтан қалтаға ауыр тиеді. Сондықтан ізденіп, өзі осы дүниелерді шығаруды ойлайды.

– Пластик бөтелкесінің 0,5 пен 5 литр аралығындағы көлемдегілері шығарылады. Алғашында 1,5-2 литрлігінен 500 данасын шығарады. Жалпы бұл құрылғы 1 сағатта 500-600 данасын өндіреді. Бір күнде 3000-ға дейін басып шығара алады. Бөтелкелерге арналған қақпақ пен шикізатты Алматыдан тапсырыспен алдырады, – дейді жас келіншек.

Қазір іскер кәсіпкер 2 адамды жұмыспен қамтып отыр. Кәсібін де кеңейтуден кенде емес. Жаңа идеялары көп еңбекқор кәсіпкер алдағы уақытта дәмхана мен өзге де өндіріс орнын ашуға құштар екендігін жасырмады.

БӨЛІСУ