Облыс әкімдігінде төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі облыстық комиссия отырысы өтті. Кезекті отырыста облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Ә. Әбдіқайымова Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының алдын алу шаралары туралы баяндады.
— Қызылорда облысы Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының табиғи ошағында орналасқан. Жыл сайын облысымыздың аумағында спорадикалық жағдайлар тіркеліп отырады. Аса қауіпті аурудың эпидемиологиялық ахуалы күрделенуінің алдын алу бойынша жұмыстар жүйелі жүргізіледі.
Ақпан айында Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының алдын алу бойынша санитариялық-эпидемияға қарсы, санитариялық-профилактикалық іс-шараларды ұйымдастыру бойынша облыс әкімінің Қаулысы қабылданды, соған сәйкес кенеге қарсы жұмыстардың сапасы мен тиімділігін бақылайтын арнайы жұмыс топтары құрылды, 115 қолайсыз елді мекендер тізбесі бекітілді. Кенелерге қарсы өңдеу жұмыстары сәуірдің алғашқы онкүндігінде жүргізіледі, — деді ол.
Комиссия отырысы барысында қауіпті кенелердің көктем-жаз айларында көбеюінің бір себебі тазаланбаған мал қоралары екендігі аталып өтті. Қораларда қанша өңдеу жасағанмен, қидың, көңнің арасына ұялап қалған кенелерден сауықтыру мүмкін болмайды. Сондықтан Комиссия төрағасы тарапынан қала және аудан әкімдеріне елді мекендердегі тазалық жұмыстарына тікелей жауапты екендерін ескертіп, облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне елді мекендердегі механикалық тазалау жұмыстарын қатаң бақылауға алуды тапсырды.