27 наурызда қалалық «AMANAT»партиясы Қызылорда қалалық филиалының депутаттық фракциясының отырысы өтті.
Жиынның күн тәртібінде көтерілген бірінші мәселе — Қызылорда қаласы бойынша кәсіпкерлікті дамыту барысы мен кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан көрсетілетін көмектер бойынша облыстық кәсіпкерлік Палатасы басшысының орынбасары Дәурен Сейтжанов мәлімдеді.
Өз сөзінде «Кәсіпкерлер палатасы шағын және орта бизнес өкілдеріне және кәсіпкерлік бастамасы бар азаматтарға қаржылай емес қолдау көрсетеді. Атап айтқанда, «Кәсіпкерлерге және кәсіпкерлік бастамасы бар азаматтарға ақпараттық-кеңес беру қызметтері», «Кәсіпкерлікті жүргізуге сервистік қолдау көрсету», «Іскерлік байланыстарды кеңейту» бойынша қызметтер» деген Д.Сейтжанов әр қызметке ерекше тоқталып өтіп, былтырғы және биылғы көрсеткіштерді нақты атап өтті.
Сонымен бірге Дәурен Сейтжанов «Қызылорда қаласы бойынша салық базасын кеңейту бағытында атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер туралы» және Палатамен атқарылған жұмыстарға тоқталып өтті.
«Қазіргі таңда, тексеруге мораторийдің аяқталуына және жалпыға бірдей декларациялаудың III-кезеңінің басталуына орай, кәсіпкерлерде қолма-қол емес аударымдар бойынша күтілетін тексерулерге байланысты алаңдаушылық туындауда. Осының әсерінен, халық арасында тек қолма-қол ақшамен төлем жасауды талап ету фактілері көптеп орын алуда. Осы орайда, кәсіпкерлерді кәсібін заңдастыруға және салық міндеттемелерін орындауға ынталандыру мақсатында салық ауыртпалығын төмендетуді ұсынып келеміз. Тұтастай алғанда, бұл өз кезегінде, бизнес арасында салық төлеуден жалтару фактілерін азайтып, ашықтыққа ынталандырады, бизнесті көлеңкеден шығаруға және салық базасының ұлғаюына септігін тигізеді. Осы орайда, Палата аймақ кәсіпкерлері атынан 2024 жыл үшін де салық ауыртпалығын жеңілдетуге, оның ішінде, бөлшек салық мөлшерлемесін 4%-дан 2%-ға дейін төмендетуге қолдау көрсету бойынша ұсыныс көтеруде» деп қорытындылады Д.Сейтжанов өз баяндамасын.