Облыстық мәслихат төрағасы Н.Байқадамовтың төрағалығымен VIII шақырылған облыстық мәслихаттың тұрақты комиссияларының бірлескен отырысы өтті. Бірлескен отырысқа облыс әкімінің бірінші орынбасары Д.Жаналинов, облыстық мәслихат депутаттары, мәслихат аппаратының қызметкерлері, тиісті басқарма басшылары мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Алдымен күн тәртібіндегі «Қызылорда облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының есебі туралы» мәселе бойынша облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Е.Төралиев баяндама жасап, облыс көлемінде құрылыс саласындағы өткен жылы атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттеріне қысқаша тоқталып өтті.
Басқарма басшысының есебінен кейін, бірқатар депутаттар аталған мәселеге қатысты сауалдарын қойды. Атап айтсақ, І.Тілеп баяндамада көрсетілген 5 ауылдық клуб құрылысының қай аудандарда жүргізілетіндігі және жалға берілетін үйлер туралы; Сапақ, Ақшатау елді мекендеріндегі мектеп жайы; Ә.Шаймағамбетов Жалағаш ауданында клуб салу мәселесі, «Қазақстан халқына» қоры арқылы бөлінетін нысандардың қай елді мекендерде және қашан салынатындығы жөнінде, Ж.Нұрымбетов Сексеуіл кентіндегі 40 орындық аурухана жайы, Сапақ елді мекенінде жобасы жасалған мектептің жанына интернат салуды қарастыру, Белкөл кентінде клуб салу; Ж.Ысқақ құрылыс нысандарының жобасын жасағанда жылыту қазандықтарына пеш отынын жоспарлау туралы және т.б ұсыныстарын жеткізді.
Аталған сауалдарға байланысты өз кезегінде облыс әкімінің бірінші орынбасары Д.Жаналинов пен құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Е.Төралиев тиісті жауаптарын берді.
Мұнан соң, күн тәртібіндегі 2 мәселе бойынша облыстық экономика және қаржы басқармасының басшысы Қ.Мүбараков хабарлама жасап, тұрақты комиссия отырысында депутаттардың тарапынан болған сауалдардың ішіндегі қолдау тапқан мәселелерді атап өтті.
Бірлескен отырыс соңында күн тәртібіне шығарылған 11 мәселенің барлығы жан-жақты талқыланып, депутаттар тарапынан қолдау тауып, шешім жобасын сессия қарауына жіберу туралы бірауыздан қаулы қабылданды.

БӨЛІСУ