Аудан әкімі Берік Сәрменбаев ауданда құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан мердігер мекеме өкілдерімен кездесті.

Кездесуде аудан басшысы құрылыс нысандары жұмыстарын сапалы жүргізіп, мерзімінде аяқтау өте маңызды екенін ескертті.

– Ауданда әлеуметтік нысандардың, жол жөндеу, ауыз су құбырларын жаңарту, газдандыру, электр желілерін жаңғыртуға қатысты құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Енді басталатын құрылыстар да бар. Мердігер мекемелер осы жұмыстардың сапалы салынуына жауапты. Құрылыс жұмыстарында кемшіліктерге жол бермей, асқан жауапкершілік танытуларыңыз қажет. Өте сапалы салуды және мерзімінде аяқтауды қамтамасыз етіңіздер. Біздің тарапымыздан бұл жұмыстар тұрақты бақылауда, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.

Кездесу барысында әрбір құрылыс нысаны бойынша атқарылып жатқан жұмыстар сараланып, ескертулер жасалды. Аудан әкімі жауапты сала басшыларына құрылыс жұмыстарын күнделікті бақылау керектігін қатаң тапсырды.

Ауданда өткен жылы құрылыс қарқыны бәсеңдеген жоқ. Оның ішінде, тұрғын үймен қамтамасыз етуде нәтижелі жұмыстар атқарылды.

«Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері»бағдарламасы аясында бюджет көздерінен 796,8 млн. теңгеге Тереңөзек кентінен жапсарлас 80 тұрғын үй сатып алынып, пайдалануға берілді.

Сондай-ақ, Жетікөл елді мекенінде 3 бөлмелі 2 тұрғын үй құрылысына аудандық бюджеттен 30,4 млн. теңге бөлініп, көпбалалы отбасылар қоныс тойын тойлады.

2023 жылы аймақ басшысыныңбастамасымен елді мекендерді дамыту, оның ішінде ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту бағытындағы жұмыстарды ынталандыру, бағалау мақсатында 2 мәрте «Үлгілі елді мекен» облыстық конкурсы ұйымдастырылды. Конкурстың бірінші кезеңінде ауданға қарасты Н.Ілиясов ауылы, екінші кезеңінде Бесарық ауылы жеңімпаз атанып, үлгілі елді мекендерге коммуналдық техникалар сыйға берілді.

БӨЛІСУ