Бүгін аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбеттің төрағалығымен кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі аудандық комиссияның кеңейтілген отырысы өтті.

Комиссия отырысына аудандық мәслихат төрағасы, аудан прокуроры, аудандық полиция бөлімінің бастығы, облыс және аудандық мәслихаттың депутаттары, дербес бөлім басшылары, кент, қала және ауылдық округ әкімдері, аудандық қоғамдық кеңес, ардагерлер кеңесі және әйелдер кеңесінің төрағалары, аудандағы білім беру ұйымдарының басшылары, учаскелік полиция инспекторлары қатысты.

Жиында аудандағы білім беру ұйымдарында құқық бұзушылық пен зорлық-зомбылықтың алдын алу және бала қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері туралы аудандық білім бөлімінің басшысы Әділхан Жөлекешов хабарлама жасады.

Ал, балалар мен жасөспірімдер арасындағы қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу бағытындағы атқарылып жатқан жұмыстары туралы аудандық полиция бөлімінің бастығы Асылбай Аңсатов баяндап өтті.

Өз кезегінде аудан әкім оқушылар арасындағы топтық төбелестің алдын алу бағытындағы шараларды одан әрі жандандыруды, түнгі мезгілде мейрамханаларда немесе басқада орындарда жұмыс істеп жүрген оқушыларға қатысты тиісті шаралар қабылдау қажеттігін ескертті.

Сонымен қатар жасөспірімдер арасындағы топтық төбелес негізінен күндізгі уақытта, әсіресе, оқушылар сабақтан қайтатын уақытында орын алатындығын айтып, осыған байланысты учаскелік полиция инспекторларының жұмысын күшейтуді тапсырды.

Комиссия отырысында аудан прокуроры Дарын Әбіш сөз алып комиссияның мұндай кеңейтілген мәжілісін тоқсан сайын өткізіп тұруды ұсынса, аудандық мәслихат төрағасы Ғазиз Әліш түнгі мезгілдегі күнделікті ұйымдастырылып жүрген рейд жұмыстарын тоқтатпай, жандандыру жөніндегі ұсынысын жеткізді. Ал аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Талайлы Бөріқұлақов білім ошақтарында ата-аналармен өткізілетін жиналыстарды жиі өткізуді, еңбек ардагері Кемалбай Көпжасар аудан орталығындағы спорт алаңдарына учаскелік полиция инспекторлары бақылауды күшейтсе, деген ұсыныстарын айтты.

Комиссия отырысын қорытындылаған аудан басшысы бала тәрбиесі – баршаға ортақ міндет екенін айтып, бұл бағытта бірлесе жұмыс жасауға шақырды. Сонымен қатар бала тәрбиесі, жасөспірімдердің бос уақыттарын тиімді өткізу бағытында тиісті сала басшыларына бірқатар тапсырмалар жүктеді.

БӨЛІСУ