Дәстүр бойынша ілгеріден Наурыз мерекесін ел болып ағаш отырғызудан, арық тазалап, көгалдандыру рәсімін өткізуден бастаған.
Міне, 19 наурыз – Жаңару күнінде Қызылорда облыстық қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» мекемесінің ұйымдастыруымен Достық үйінің алаңында игі дәстүр жалғасты. Оған облыстық ҚХА жанындағы құрылым төрағалары мен этномәдени бірлестіктердің төрағалары, мүшелері, БАҚ өкілдері мен жақсылыққа жаны жақын жандар қатысты.
Достық үйінің артқы алаңына 100-ден аса көшет егілді. Жаңару күнінде барша жұртты жақсылыққа жұмылдырған тал егу жұмысы қатысушылардың табиғат анаға, күллі жаратылысқа деген ықыластарын оятты.
«Ағаш отырғызу – сауапты іс, бабадан қалған мирас. Бұл қоршаған ортаны сақтауға, экологиялық ахуалды жақсартуға зор ықпал етеді. Жыл басы саналатын Наурыз айында тал егіп, айналаны көгалдандыру – бізге парыз. Тек қана егіп қоймай, жайқалып өскенше оны баптап, суаруды әр көшетті еккен жанға міндеттеп отырмыз», – деді «Қоғамдық келісім» мекемесінің директоры Бақытжан Камалов.
Ал татар этномәдени бірлестігінің төрағасы Галия Гизатуллина мен қырғыз этномәдени бірлестігінің төрағасы Сақтапберген Жұбатқанов «Қаламыздың келбетінің көркеюіне бастайтын берекелі бастамаға біз жыл сайын ерекше үлес қосамыз. Өңірдегі этномәдени бірлестіктер барлығымыз бірлесіп, тал егуді дәстүрге айналдырдық. Ең бастысы табиғат тазарып, кент кескіні келісті болса деген ниеттеміз», – деді.
Достық үйінің алаңына тал егуге бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері де атсалысты. Республикалық 24kz телеарнасының облыстағы меншікті тілшісі Қамбар Бекенов “Хабар” арнасының арнайы тақтайшасын қойып, бірнеше түп көшет екті.
2024-03-19