Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының алаңында Сауда, қызмет көрсету және туризм Кеңесінің кезекті отырысы өтті.

Палата директоры Пірмұхаммед Сыздық төрағалық еткен Кеңес отырысына мемлекеттік мекемелер мен қоғамдық тамақтану саласының бизнес өкілдері қатысты.

Жиында Қызылорда облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Ерлан Ұзақбаев пен тамақтану объектілерін бақылау және қадағалау бөлімінің басшысы Меруерт Битасова қоғамдық тамақтану, көтерме және бөлшек саудамен айналысатын объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар туралы айтып өтті.

Осы ретте, Қоғамдық тамақтану қауымдастығының төрайымы Ақмарал Әбдіразақова «Тұтынатын азық-түлікті базардан алатынымыз жасырын емес, олар өз ретінде СЭС-ке азық-түліктің сапасын растайтын құжат ұсынып отырады, содан кейін ол құжатты бізден де талап етеді. Осы мәселе бір жолға қойылса» деген ұсынысын білдірді.

Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті өкілдері халық тұтынатын азық-түлік сапасы аса маңызды және оған қойылатын талап жоғары. Осыған орай, департамент тарапынан да жоғары талаптар қойылатындығын жеткізді.

Сонымен бірге жиында кәсіпкерлер Ұлттық сараптама орталығының Қызылорда облысындағы филалының бөлім басшысы Гүлнұр Ырзахметке бірқатар сұрақтарын қойып, ұсыныстарын білдірді.

Күн тәртібіндегі үшінші және барша кәсіпкерлердің назарында болуы тиіс мәселе «ҚР тіл туралы» Заңына енгізілген өзгерістерге қатысты облыстық Қоғамдық даму басқармасының бөлім басшысы Ляззат Есімова айтып өтті. Ол өз сөзінде нысан кешендерінің ақпараттық жарнамалық маңдайшаларда көрнекі ақпаратты орналастыруға қойылатын талаптарға аса назар аударды. Соңғы заңнамаға сәйкес барлық көрнекі ақпарат міндетті түрде қазақ тілінде болуы тиіс екенін нақты айтты.

Кеңес отырысы аясында айтылған барлық ұсыныстар алдағы уақытта тиісті орган өкілдерімен сараланып, жұмыстар жасалатын болады. Қуанарлығы, мемлекеттік орган өкілдері әрқашан кәсіпкерлерді қолдауға даярлығын білдіріп, кез-келген уақытта түсіндірме жұмыстарын жүргізетінін айтады.

БӨЛІСУ