Бүгін Қазалыда Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Ерлеген Мендалиевтің қатысуымен арнайы мәжіліс өтті. Мәжілісті аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбет жүргізіп, жиынға қатысушыларға департамент басшысын таныстырды.

Басқосуда мемлекеттік қызмет саласында өзекті мәселелердің бірі сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, мемлекеттік қызмет көрсету, мемлекеттік қызметшілердің Әдеп Кодексі және заңнама талаптарын қатаң түрде сақтау мәселелері жөнінде сөз қозғалды.

Жиын барысында департамент басшы Ерлеген Мендалиев мемлекеттің өркендеуі, халықтың әл-ауқатының артуы, қоғамның кез келген саласының дамуы – бірінші кезекте мемлекеттік қызмет сапасына байланысты екенін атап өтті.

Жиын соңында аудан әкімі мемлекеттік қызметшілерге Қазақстан Республикасының Заңдары мен Әдеп кодексінің талаптарын бұлжытпай орындауды, қызметтік тәртіпті қатаң сақтауды, қызметтен тыс уақытта жалпы қабылданған моральдік-әдептілік нормаларды ұстануға, барынша қарапайым болуға, қызмет барысында қоғаммен байланыс жасауда кішіпейілдік танытып, жауапкершілікпен қарауға шақырды.

Айта кетейік мәжіліске аудан әкімі аппаратының қызметкерлері, кент, қала және ауылдық округ әкімдері, мекеме-кәсіпорындар мен дербес бөлім басшылары және қызметкерлері қатысты.

БӨЛІСУ