Жұмыспен қамтуға ықпалдасу шараларының келесі қадам – кәсіпкерліктің тынысын қолдауға бағытталған мемлекеттік грант беру және жастарға жеңілдетілген шағын несие беру. Вице-министр өткен жылдың қорытындыларына тоқталды. «2023 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда 963 мыңнан астам адам жұмысқа орналастырылды. Ұлттық жобалар шеңберінде 265,1 мың азамат жұмысқа орналастырылды, оның ішінде 198 мыңнан астам мемлекет тарапынан субсидияланатын жұмыс орындарына жолданған. Мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға 100 жұмыс орны» бастамасы шеңберінде 382,4 мың адам, жұмыс берушілер ұсынған бос жұмыс орындарына 316 мың адам жұмысқа орналастырылды. Жұмыспен қамтылған азаматтардың 50 %-дан астамы немесе 472,9 мыңы – 35 жасқа дейінгі жастар», – деді вице-министр.

Сондай-ақ, ведомство өкілі өңірлер бөлінісінде Түркістан, Жамбыл, Алматы облыстары мен Алматы, Астана, Шымкент қалаларына жұмысқа орналастырылған азаматтардың 52%-ы тиесілі екенін айтты.

Жұмысқа орналасқан азаматтардың 54%-ы – ауыл тұрғындары. Ал отбасылардың 70%-да тек бір ғана адам жұмыс істейді. Сонымен қатар қолданыстағы «Отбасының цифрлық картасы» атты ақпараттық жүйесінің мәліметтеріне сәйкес, 559 мың азамат немесе 58% отбасы жұмысқа орналасу арқылы әлеуметтік жағдайына дұрыстауға мүмкіндік алған.

Жыл басында Өңірлік жұмыспен қамту карталары бекітілді. Оның шеңберінде биыл жұмысқа орналастыру бойынша жоспар белгіленді. 2024 жылы барлығы 948,1 мыңнан астам адамды жұмысқа орналастыру жоспарлануда. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Ордабаев айтты.
«Іске асырылып жатқан ұлттық жобалар, түрлі тұжырымдамалар мен салалық жобалар аясында 68,8 мың азаматты жұмыспен қамту көзделген. Мемлекет тарапынан субсидияланатын жұмыс орындарына 193 мыңнан астам азаматты, Мемлекет басшысының «10 мың халыққа 100 жұмыс орны» бастамасы аясында 341,3 мың адамды, бос жұмыс орындарына 314,9 мың азаматты жұмысқа орналастыру жоспарлануда», – деді спикер.

Олжас Ордабаев азаматтардың біліктілігін арттыру мәселесіне тоқталып, негізгі 4 бағыт бойынша жұмыс жүргізілетінін хабарлады. Биыл алғашқы 13 мың адамды оқыту жоспарда бар. Электрондық еңбек биржасы порталында онлайн оқытудан өз бетінше білім алуға мүмкіндік бар.  «Электрондық еңбек биржасында дербес онлайн-оқыту мүмкіндігі бар, бұл бағыттағы биылғы жоспар 40 мың адамды құрайды. Порталға жалпы 119 автордың 181 мамандықтар бойынша 475 онлайн-курстары көзделген, оның 241 курстар тегін түрде жүргізіледі. Бүгінгі таңда 307 мың адам оқуды бітіргендігі туралы сертификат алды», – деді вице-министр.

Жұмыспен қамтуға жәрдемдесу жөніндегі шаралардың бірі халықтың әлеуметтік осал топтары үшін мемлекеттік гранттар және азаматтардың кәсіпкерлік бастамаларын қолдауға бағытталған жастарға жеңілдетілген шағын несиелер беру болып табылады.
«Мемлекет басшысының тапсырмасымен жастарға 2,5%-бен шағын несие беру қолға алынып отыр. Биылғы жылы 5,8 мың адамға шағын несие беруге  29 млрд теңге бөлініп отыр. Өткен жылы 5733 азаматқа шағын несие берілді», – деді спикер.

Сондай-ақ жыл сайын азаматтарға өз ісін ашуға мүмкіндік беретін қайтарымсыз гранттар бөлінеді. Биыл 9 мың азаматқа грант беру үшін 13 млрд теңге қарастырылған.