Бүгін аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбет Жанқожа мен Ақтан батыр ауылдарына барып, қос батыр атындағы ауылдардың тұрғындарымен кездесті. Басқосуда ең алдымен тұрғындарға ауданда атқарылып жатқан жұмыстардың жайын айтып, алдағы жоспарлармен бөлісті.

Жиында ауыл ақсақалдары ел ішіндегі жалғасын тауып келе жатқан шаруаларға алғысын айтып, ризашылықтарын білдірді. Аудан әкімі ауылдарға жасаған сапары барысында Жанқожа батыр ауылындағы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынып жатқан 300 орындық мектеп құрылысын көрді. Бүгінгі таңда мектептің бірінші қабатының құрылысы аяқталуға жақын.

Аудан басшысы мердігер мекеменің жауапты қызметкеріне құрылыстың сапалы әрі өз мерзімінде аяқталуына жұмыс жасау керектігін айтты.

Соңғы жылдары ауданда ауыл арасындағы жолдар мен елді мекенішілік көшелердің жағдайы жақсарып келеді. Жалпы, ауданның коммуналдық меншігінде 406,2 шақырым аудандық маңыздағы автомобиль жолдары және елді мекендердің 430 шақырымды құрайтын 470 көше жол тораптары бар. 2023 жылы жалпы аудандық маңыздағы автомобиль жолдары мен елді мекен көшелерін қайта жаңғырту және орташа жөндеуден өткізуге республикалық және облыстық бюджеттерден барлығы 3 520,0 млн.теңге қаржы бөлінді. Нақтыласақ, 35 шақырымды құрайтын 3 аудандық маңыздағы автомобиль жолдары орташа жөндеуден өтті. Сонымен қатар, 28,4 шақырымды құрайтын 45 көшені, яғни Әйтеке би кентіндегі 23 көшеге қиыршық тас және ал қалған 22 көшеге асфальт төселді. Ал, Қазалы қаласындағы 15 көшеге және Әйтеке би кентіндегі 2 көшеге қайта жаңғырту жұмыстары жүруде.

2023 жыл соңында осы жұмыстарды жүзеге асыру арқылы аудандық маңыздағы  автомобиль жолдарының жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі 85 пайызды құрады. Орташа жөндеу бойынша барлығы 35 км құрайтын Қожабақы-Бозкөл, Қожабақы-Жалпақ, Мұратбаев ауылына кіре беріс автомобиль жолдарына бөлінген 1288,5 млн.теңгеге жөндеу жұмыстар толық аяқталды. Қайта жаңғырту жұмыстарына Тасарық, Бекарыстан би-Шөмішкөл, Лақалының 28,4 шақырым жолдарына 930,3 млн.теңге қаржы қаралып, толықтай игерілді. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Әйтеке би кентінің 17 көшесіне Ү.Түктібаев елді мекенінің 6 көшесіне және Ғ.Мұратбаев елді мекенінің Қуандық әулие көшелерін орташа жөндеуге барлығы 610,2 млн. теңге қаралып, барлығы 22 көше жұмысы аяқталды.

БӨЛІСУ