«ҚОШ КЕЛДІҢ, ӘЗ НАУРЫЗ!» ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ІС-ШАРАСЫ ӨТТІ

Бүгін Қызылорда облыстық қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ және «Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету балалар орталығы” мекемесінің ұйымдастыруымен Талсуат оңалту орталығындағы ерекше жандарға арналған «Қош келдің, әз Наурыз!» атты қайырымдылық іс-шарасы өтті.
Іс-шараның шымылдығын облыстық қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ директоры Бақытжан Камалов пен облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының жанынан құрылған волонтерлар орталығының белсенді мүшесі Ғани Бұрханов ашып, Ұлыстың ұлы күні мерекесімен құттықтады. Орталықта ем алушы жандарға мықты денсаулық, дертіне шипа беріп, қалыпты өмір дағдыларына оралуына тілектестігін білдірді.
Мерекелік іс-шара қазақтың салт-дәстүріне сай орталықта ем алушы екі егіз баланың тұсау кесер рәсімімен басталды. Егіздердің тұсауын “Қоғамдық келісім” КММ директоры Бақытжан Камалов пен Талсуат оңалту орталығының директоры Ерлан Қалымбетов кесіп, «Қадамы оң болып, жолдары ашық болсын!» деп ақ тілектерін жаудырды. Айта кететіні, егіздер Ринат пен Санат Сайран 2016 жылдан бастап осы орталықта ем алып жүр. Олар орталықтағы емін аяқтап, енді үлкен өмірге қадам баспақшы. Осы ретте егіздердің ата-аналары барша орталықтың ұжымы мен қолдау білдірген кәсіпкерлерге аналық алғысын жаудырды.
Мұнан соң ұлттық ойындардан тартысты сайыс басталды. Ем алушы жеткіншектер Теңге алу, Асық ату, Қол күрес, Садақ ату, Арқан тарту сайыстарына бірге белсенді қатысты.
Қайырымдылық іс-шараға облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының жанынан құрылған волонтерларорталығының белсенді мүшесі Ғани Бұрханов қолдау білдірді. Жеңімпаздар мен барлық қатысушыларға денені шынықтыруға арналған спорттық заттарды сыйға тартты. Сондай-ақ, «Қоғамдық келісім» КММ директоры атынан дипломдар табысталды.
Ал, Талсуат оңалту орталығының директоры Ерлан Қалымбетов қайырымдылық шараны қорытындылап, бірлесіп атқарылған игі жұмыстар үшін “Қоғамдық келісім” КММ директоры Бақытжан Камалов пен Волонтерлар орталығының үйлестірушісі, «Қоғамдық келісім» КММ аға сарапшысы Нұргүл Ақсақаловаға ризашылығын білдіріп, Алғыс хат табыстады.

БӨЛІСУ