Қызылорда соттарында Наурыз мейрамының он күндігі аталып өтіледі.
Наурыз мейрамы – қазақ халқының дүниетанымында жыл басы саналатын, достық пен бірлікті, ізгілік пен ынтымақты дәріптеп, халқымыздың салт-дәстүрлерін құрметтеп, ұлттық құндылықтарымызды қастерлейтін айшықты мереке.
Ел Президенті Қ.Тоқаев жыл басында берген сұхбатында Наурыз мейрамын ерекшелеп атап өтіп, мазмұнын байытып, ұлттық мерекемізді барынша ұлықтау керектігін ұсынған болатын.
Осыған байланысты, Қызылорда соттары 14-23 наурыз күндері Наурыз мейрамның онкүндігін атап өтеді. Әр күн белгілі бір тақырыпқа арналады.
14 наурыз – «Көрісу күні». Бұл күні адамдар бір-бірін ұлыстың алғашқы күнімен құттықтап, төс қағыстырып сәлемдесіп, көрісу рәсімін жасап, «Ұлыстың ұлы күні құтты болсын!», «Ақ мол болсын!», «Ұлыс оң болсын!», «Жаңа жыл құтты болсын!» деген сөздер арқылы жаңа жылдың келуімен құттықтайды.
15 наурыз «Жайлау күні». Табиғатпен біте қайнасып өмір сүру қазақ дүниетанымының бір бөлігін құраған. Сол себепті, табиғатты аялау мақсатында бұл күні адамдар үй-жайын қардан, қоқыстан тазартады.
16 наурыз «Шежіре күні». Бұл күні адамдар мал сойып, шелпек пісіріп, өткен-кеткен ата-бабаларына құран бағыштайды. Әр отбасының үлкендері өмірден өткен ата-бабаларының жақсы істерін, қуанышты сәттерін кейінгі ұрпаққа әңгімелеп береді. Сонымен қатар, бұл күні отбасының, жеті атаның, ел-жұрттың тарихы, шежіресі айтылады.
17 наурыз – «Тарихқа тағзым күні». Бұл күн тарихымызды, ұлттық құндылықтapымызды қастерлеуге, ұлттық рухты көтеруге, сондай-ақ, тарихты білуге, eлге, жерге дeгeн cүйicпeншiлікті apттыруға арналады.
18 наурыз «Игі істер күні». Қазақ халқы қайырымдылық пен ізгілікке ерекше мән бәрген. Сол себепті, бұл күні әр адам мүмкіндігі келетін игі істерді жасайды.
19 наурыз «Шымырлық пен шеберлік күні». Наурызды тойлаудың бұл күні ұлттық спорт түрлерін дәріптеуге арналады. Ұлттық спортымыз жаңғыртылып, жер-жерлерде спорттық шаралар ұйымдастырылады.
20 наурыз «Зияткерлік күні». Бұл күні балалардың зияткерлік әлеуетін, ақыл-ойын дамыту мақсатында мақал-мәтелдер, жұмбақтар, жаңылтпаштар, жырлар мен эпостардан үзінділер айтылады. Бұған қоса, кітапханаларда, жасөспірімдер мен жастар арасында байқаулар, зияткерлік сайыстар және еңбек адамдардың қатысуымен кездесулер өткізіледі
21 наурыз «Ұлттық тағамдар күні». Бұл күні ұлттық тағамдарымыз дәріптеледі. Әрине, Наурызда әзірленетін басты ұлттық тағам – Наурыз көже. Халқымыз үшін жеті саны қасиетті саналғандықтан, Наурыз көжеге жеті дәм қосылады. Ата-бабаларымыздың айтуы бойынша, бұл күні Наурыз көжені тойып ішкен адам жыл бойы молшылық пен тоқшылықта болады.
22 наурыз «Ұлыстың ұлы күні». Бұл күні жан-дүниені тірілткен, қыс ызғарынан құтылып, алдағы шуақты күндерден үміттендірген Наурыз мерекесі аталып өтіледі. Орталық алаңдарда мерекелік іс-шаралар өткізіліп, ұлттық құндылықтар дәріптеледі. Театрландырылған қойылымдар мен концерттік бағдарлама көпшілікке ұсынылып, ұлттық спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылады.
23 наурыз «Жоралғы күні». Бұл күні әдет-ғұрып, салт-дәстүрлер айшықталады. Ұмыт бола бастаған жоралғылар жаңғыртылады. Сонымен қоса, салт-дәстүрдің, ырым-тыйымдардың адам мен қоғам өміріндегі маңызы түсіндіріледі.
Қызылорда соттары осы тақырыптар аясында мерекелік бейроликтер дайындап, Наурыз мейрамының мазмұнын көпшілік назарына жеткізеді. Бұл бастама ұлттық құндылықтарды дәріптеу, салт-дәстүрлер, әдеп-ғұрыптарды қастерлеу мақсатында қолға алынып отыр.
Қызылорда облыстық сотының баспасөз қызметі.