Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамын тойлаудың жаңа тұжырымдасы әзірленді. 14-23 наурыз аралығында халықтық мерекені тойлауға арналған Наурызнама онкүндігі жарияланды.

Осыған сәйкес бүгін аудандық жыраулар үйі алаңында 14 наурыз – «Көрісу күні – Амал мерекесі» аталып өтілді. Қыстың соңғы тоқсаны шығып, жылылық лебін алып келетін мерекеде жиылған жұрт бір-біріне ыстық ықыластарын білдірді.

Тағылымды іс-шараға арнайы қатысқан аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, әйелдер кеңесінің төрайымы, аудандық қоғамдық даму бөлімінің басшысы мерекемен құттықтап, Амал мейрамының мән-мағынасы мен тарихына, оның құндылықтарына айрықша тоқталып өтті.

Іс-шараға келген қонақтарға ақ дастарханнан шұбат, ыстық бауырсақ пен басқа да қазақтың ұлттық тағамдары ұсынылып, мерекелік іс-шара өнерпаздардың концерттік бағдарламасына ұласты.

Сонымен қатар, III Интернационал ауылдық округінде де түрлі ұлт өкілдерінің қатысуымен Амал мерекесі аталып өтіп, ұлтаралық достық пен бірліктің үлгісін көрсетті.

23 наурызға дейін Наурызнама онкүндігіне сәйкес түрлі бағыттағы ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылатын болады.

Көрісу күні, кей өңірде Амал мерекесі Атырау, Маңғыстау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан өңірлерінде атап өтіледі. Дегенмен тек батыста тойланған деген жаңсақ пікір. Бұл — қонақжай қазақ халқына ортақ ежелден келе жатқан көктем мерекесі.

Мерекенің шығу тарихы анық болмағанымен, мәні көпке аян. Бұл күні жасы кішілер жасы үлкен әулет мүшелеріне амандық-саулық тілеп, үй-үйді аралайды. Кішкене балалар әр үйден кәде-сый алады. Әр адам міндетті түрде үш үйдің есігін ашу керек деген де бар.

Жыл басында бірін-бірі көріп үлгермеген алыстағы туыс-туған жыл ортасына дейін кездесіп, көрісе береді. Бұл – ұрпақты татулық пен бауырмалдыққа тәрбиелеу, ізеттілік пен мейірімге баулу үрдісі.

БӨЛІСУ