Бүгін Бұдабай Қабылұлы атындағы аудандық мәдениет үйінің ауласында халқымыз ертеден «Ұлыс» күні деп атап, жыл басы санаған «Амал» мерекесіне орай аудан әкімі Нұржан Ахатовтың қатысуымен мерекелік шара өтті.

Шара барысында жиылғандар алдымен бір-бірімен төс қағыстырып көріссе, кейіннен мәдениет үйінің ауласына ағаш көшеттерін отырғызды. Мұнан соң, арнайы дайындалған концерттік бағдарламаға сәйкес, өнерпаздар ән орындап, мерекелік құттықтау сөз аудан әкімі Нұржан Сәбитұлына және аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өркен Әзімханұлына берілді.

Аудан басшысы барша халықты «Амал» мерекесімен құттықтап, Рамазан айымен тұспа-тұс келген мейрамда өкпе-ренішті ұмытып, ізгі амалдар жасауға шақырды. Ал Өркен ақсақал ақ батасын берді.

Мұнан соң, концерттік қойылымдар жалғасын тауып, алдымен ақындар айтысы, содан соң қазақша күрес, қол күресі, арқан тартыс сынды спорт түрлерінен сайыстар ұйымдастырылды.

Көрісу — тек адамдардың бір-біріне амандасып, жақсылық тілейтін қауышу мерекесі ғана емес, сондай-ақ, жасы үлкендерге ізет көрсетіп, ілтипат білдіретін дәстүрлі көрініс. Өйткені, көрісу салты бір күннің аясымен шектеліп қалмайды, жыл бойы жалғаса береді.

Көрісу күні исламда бар нәрсе емес. Бірақ ол шариғат талаптарына қайшы келмей, онымен үндесіп жатқандықтан, исламмен бірге ғасырлар бойы жасасып келе жатқан біздің төл дәстүріміз. Оның бір дәлелі – көрісу күнінің араздасқан, бір-бірімен араласпай кеткен жақын адамдарды татуластыруға, табыстыруға бағытталған қасиеті. Бұл күні бір-бірін танитын бүкіл адам, тіпті әртүрлі себептерге байланысты жанжалдасып, бет көріспей кеткендер де көрісіп, қол алысуға міндетті. Ежелден келе жатқан салттың талабы — осындай. Сөйтіп, көрісіп, біріне-бірі ақ тілегін айтқан адамдар бұдан кейін арадағы реніштерін жойып, табысады. Қалай болғанда да, көрісу күнінің имандылыққа, жақсылыққа негізделген мереке екені анық. Ол үлкен мен кіші арасында сыйластық, сыпайылық орнатады.

Қазіргі күні үлкенге бірінші болып сәлем берудің өзін ұмытып бара жатқанымыз рас. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистерінде бір-біріне сәлем берген екі адамға да сауап жазылатыны, соның ішінде бірінші сәлем берген адамға көбірек сауап тиетіні айтылады. Көрісу күні де сәлемдесудің сауапты іс екенін жастардың санасына сіңіруге септігін тигізеді.

Қорыта айтқанда, Көрісу күні — пенденің аузы аққа, мал аузы көкке тиіп, адамның адаммен, жылдың жылмен көрісіп, бір-біріне тілектерін айтатын күні.

БӨЛІСУ