Жаңақорған ауданында халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған істер қолға алынған. Өткен жылы Ұлттық қордан 292 млн теңге бөлініп, Қаратөбе ауылында дәрігерлік амбулатория салынып, пайдалануға берілді.  Сондай-ақ, көп бейінді аудандық аурухана базасында балаларға арналған «Қамқорлық» оңалту орталығы ашылмақ. Онда тірек-қимыл қозғалысы кемшін және денсаулығында кінәраты бар 3-тен 18 жасқа дейінгі науқастарға ем-шара көрсетудің кешенді базасымен жабдықталған стационар жұмыс жасайтын болады. 2023 жылы облыстық бюджеттен 100 млн теңге бөлініп, Төменарық ауылында дәрігерлік амбулаториясымен қоса 15 төсекке арналған ауылдық аурухана құрылысы басталды. Жоба құны 966 млн теңге. Сонымен қатар, «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында Бесарық, Әбдіғаппар ауылдарына дәрігерлік амбулатория салуға жоба жасалуда. Биыл облыстық бюджет қаражаты есебінен екі амбулатория салу жоспарлануда.

Жаңақорған ауданында  35 елді мекені орталықтандырылған таза ауызсумен қамтамасыз етілген. Суды жинау, өңдеу және бөлу бойынша қызмет көрсететін 2 кәсіпорын бар, оның екеуі де  мемлекет меншігінде.

Тұрғындарды таза ауыз сумен қамту мақсатында былтыр республикалық бюджеттен 2,6 млрд теңге қаржы қаралып, «Тақыркөл» су қоймасының магистральді су өткізгішінің екінші желісі, «Талап» топтық су құбырын кеңейту, «Қожамберді», «Сүттіқұдық», «Жайылма» ауылдарының ауызсу жүйелері жаңғыртылуда. Аталған жобаларды аяқтау үшін биыл да облыстық бюджеттен 147,7 млн теңге және Ұлттық қордан «Келінтөбе» ауылының ауызсу жүйесін жаңғыртуға 125,5 млн теңге бөлініп отыр. Осы жобаларды сәтті аяқтасақ, аудан халқының таза ауызсу тұтыну көрсеткіші 100 пайыз жақсарады.

Ауданның көркеюінде инфрақұрылым мен жолдардың саны да, сапасы да маңызға ие. Осы орайда аудандық маңыздағы 192 шақырым жолдың қанағаттанарлық деңгейі 96,1 пайызға, елді мекендердегі 590 шақырым 519 көшенің қанағаттанарлық деңгейі 56,1 пайызға жетіп отыр. Былтыр 38 көше жөндеуден өткен. Асфальтталған сапалы жолдарды көбейту мақсатында биыл да «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 532 млн теңге бөлініп, Жаңақорған кентіндегі 4 көшеге (А.Иманов, Ы.Алтынсарин, М.Жаппаров, О.Ильясов) күрделі жөндеу жасалмақ. Жаңақорған кентіндегі теміржол үстінен өтетін көпір құрылысының жарамдылығына сараптама жасалып, пайдалануға жарамды деген қорытынды алынды. Қазір демеуші есебінен жоба дайындалып, сараптамадан өткізілуде. Биыл облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, көпір құрылысын аяқтау мақсаты да жүзеге асырылмақ.

Ауданның кәсіпкерлік саласы да тың жобалар мен жаңалықтардан құралақан емес. Түрлі кәсіпкерлік, басқа да жобалар мемлекет қаржысын күтпей, демеуші арқылы жанданып келеді. Бүгінде бірнеше инвестициялық жобаның іске асырылуы күтілуде. Айта кетейік, «Абдулла» шаруа қожалығының жылына 3,5 мың тонна құс етін өндіретін фабрикасын іске қосу осы жылға жоспарланып отыр. Қазір арнайы қызмет көрсететін техникалар алынды. Жаңа кәсіпорын облыс халқы тұтынатын құс етінің 33 пайызын бермек, 120 адам жұмыспен қамтылады.

Уран өндірісімен айналысатын «Қызылқұм», «Байкен-U», күкірт қышқылын өндіретін «СКЗ-U» ЖШС, қорғасын-мырыш кенін өндіретін «Шалқия Цинк ЛТД» АҚ, қиыршық тас өндіретін «КДСМ Қыран», «УАД», «Сарман Тастақ Жаңақорған», әк өндіретін «Премиум Класс-Строй», «ОСТ», «Қуат Әк» кәсіпорындары заман талабына сай жаңа технологиялар мен құрал-жабдықтарды қолдану арқасында табыс әкеліп отыр.

БӨЛІСУ