Қызылордада Достық үйінде Cлавяне этносының дәстүрлі мерекелерінің бірі — Масленица мейрамы басталды. Бұл қысты көңілді шығарып салу, шұғылалы көктемді, табиғаттың жаңаруын жылы қарсы алу.
Аталмыш мерекені жыл сайын ұйымдастыруды дәстүрге айналдырған Славяне этномәдени орталығының мүшелері, биылғы жылы да ерекше бастады. Орталыққа қонаққа облыстағы этномәдени бірлестіктердің төрағалары мен мүшелері келіп, жылы лебіздері мен құттықтауларын айтты.
Бірлік пен татулықты дәріптей отырып, Достық үйін аралап, барша “Қоғамдық келісім” КММ қызметкерлеріне құймақтан дәм татқызды. Сонымен бірге, қасиетті Рамазан айымен құттықтап, қазақша ән шырқап, қатысушыларға көтерінкі көңіл — күй сыйлады.
Масленица бір күн емес, апта бойы тойланады. Әрі әр күнді тойлаудың өзіндік ерекшелігі болады. Дүйсенбі – кездесу күні, сейсенбіде ойын ойналады, сәрсенбіде тәтті тамақ пісірілсе, бейсенбіде серуен басталады, ал жұмада күйеу жігіт қайын ененің үйінде қонақта болса, сенбі қайын апа (қайын сіңлі) шаңырағында жүздесу, ал жексенбі күні кешірім сұрау басталады.