ӘСКЕРИ ҚЫЗМЕТКЕ ШАҚЫРУ НАУҚАНЫ БАСТАЛДЫ

Әскери қызмет – ер баланың есейіп, темірдей тәртіпке төзімді болып, еліне деген патриоттық сезімін арттыратын, қызығы мен қиыншылығы қатар жүретін орта. Әскери борышын өтеу ер азаматтың алдындағы мәртебелі міндет десек болады. Ал облыста әскери қызметке шақыру бірінші наурыз күні басталған болатын. Көктемгі мерзімді әскери қызметке шақыру жұмыстары жөнінде Қызылорда облысының қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары Жасұлан Шаңқұлов ақпарат алаңында баяндап берді.

-Осы жылдың 1 наурызынан бастап әскери қызметке шақыру жұмыстары басталды. Облыста 18-27 жас аралығындағы ер азаматтар еліміздің Қарулы күштерінде және басқа да әскери құралымдарда отан алдындағы борыштарын өтейді. Көктемгі мерзімді әскерге Қызылорда облысынан 850-ге жуық ер-азамат барады. Оның ішінде Шекара қызметіне 160-қа жуық, Қарулы күштер қатарына 410-ға жуық, Ұлттық Ұлан қызметіне 260-қа жуық, Мемлекетттік күзет қызметіне 15-ке жуық азамат әскери борышын өтейді. Қазірдің өзінде шекара қызметіне аттандыру жұмыстары бойынша 80-ге жуық азамат әскери борышын өтеуге жіберілді, — деді Жасұлан Бөгенбайұлы.

Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабы Ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары департаменті бастығының орынбасары Азамат Досымов атап өткендей, көктемгі әскерге шақыру науқаны 30 маусымға дейін жалғасады.
«Қарулы Күштер мен әскери құралымдардың қатарын әскерге шақырудан кейінге қалдыруға немесе босатуға негіз жоқ 18 бен 27 жас аралығындағы 20 мыңнан астам мерзімді әскери қызметші толықтырады.Осылайша, Қарулы Күштерге 9 мыңнан астам, Ұлттық ұланға — 6 мыңнан астам, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметіне — 3 мыңға жуық, Төтенше жағдайлар министрлігіне — 300-ден астам және Мемлекеттік күзет қызметіне — 300-ге жуық әскер қатарына шақырылғандар», – дейді Азамат Досымов.

БӨЛІСУ