Бүгін “Ислам және дәстүр құндылығы жылы” аясында, күллі мұсылман асыға күткен қасиетті Рамазан айының құрметіне “Жарапазан-насихат жырдың төресі” атты жарапазан айтудан аудандық байқау өтті.

Аудандық орталық “Иманқұл” мешітінің ұйымдастыруымен алғаш рет қолға алынған байқауда барлық ауылдық округтен келген өнерпаздар сынға түсті.
Ұлттық дәстүрді насихаттап, Рамазан айын ұлықтайтын игі шарада аудандық Қ.Қазантаев атындағы мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Әсет Шілдебаев, кент ардагерлер кеңесінің төрағасы Қожатай Құлмахан, аудандық “Әр-Рахим” мешітінің бас имамы Айбек Мәдиев қазылық етті.

Байқау барысында “Иманқұл” мешітінің бас имамы Жақсыбек Әбенов, аудандық мәслихат төрағасы Өмірзақ Елеусінов қасиетті Рамазан айының алғашқы күні ұйымдастырылған шараның тағылымдық маңызы зор екенін атап өтіп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Халқымыздан қолынан сусып, желісі үзіліп бара жатқан жарапазан айту дәстүрін қайта жаңғыртуға келген қатысушылар үш кезең бойынша өнер көрсетті.

Аудандық байқаудың нәтижесімен, қазылар алқасының шешімімен жүлделі І орынды Жаңаталап ауылы, ІІ орынды Бұқарбай батыр, ал ІІІ орынды Есет батыр ауылы иеленді. Қалған қатысушыларға қаржылай ынталандыру сыйлығы табысталды.

БӨЛІСУ