Аудан әкімі Ардақ Ибраимов әйел-аналар қауымының төл мерекесінде еңбек майданында жұмыс жасап тер төккен, өз саласының білікті маманы болған ардагер аналарды арнайы аудан халқы мен облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлының атынан құттықтап барды.
Алдымен аудан әкімі Бұқарбай батыр ауылындағы 90 жасқа келген Балайкүл Абдриеваға ақ жаулығын жауып, асыл ананың ақ батасын алды.
Балайкүл Абдриева 75 жасына дейін сушылардың звеноводы болып жұмыс атқарып, өзінің сушылық жұмысын балалары мен немерелеріне үйреткен.
Қазіргі уақытта 7 баладан 18 немере, 3 шөбере сүйіп отыр.
Сонымен қатар, аудан әкімі Ардақ Ибраимов ардагер-ұстаз, ауданның қоғамдық өміріне белсене араласып жүрген аудандық Ардагерлер Кеңесінің алқа мүшесі Ұлданай Тоқпенбетованы 85 жасқа толған туған күнімен, мерейлі мерекемен құттықтады.
Ардагер ана ауданның тыныс-тіршілігінен хабардар екенін жеткізіп, ауданымыздың дамуы жолында жасалып жатқан жаңа бастамаларға тілекші екенін жеткізді.