Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ әйелдердің бизнесін қаржыландыратын жаңа бағдарламаға 10 миллиард теңге бөлді.
«Үміт» бағдарламасы кәсіпкерлерге бизнесті дамыту үшін мол мүмкіндіктер ұсынады. Бағдарламаны іске қосу үшін бөлінген бастапқы қаражат – 10 миллиард теңге. Бұл бағдарлама аясында Қазақстанның барлық өңірі, соның ішінде ауыл, шағын және моно қалалардағы кәсіпкер әйелдер екінші деңгейлі банктер арқылы несие ала алады. Инвестиция және айналым қаражатын толықтыруға берілетін несиенің максимал мерзімі – 84 айға дейін, шекті сомасы 100 миллион теңге.
Қолдау экономиканың барлық секторларын қамтиды. Тек қаржы және сақтандыру саласы, жылжымайтын мүлікпен жасалатын операциялар және көтерме-бөлшек сауда ғана кірмейді.
Сондай-ақ, бағдарлама аясында аруларға «Даму» Қоры Еуропа қайта құру және даму банкімен (EBRD) әріптестігі аясында тегін оқу курстары мен тренингтер ұсынады. Бұл халықаралық ұйыммен бірлескен бағдарлама кәсіпкер әйелдерге бизнесті басқару және нарықтағы табысты бәсекелестік үшін қажетті кәсіби машық, білім мен құралдарға ие болуға мүмкіндік береді.
Әйелдер кәсіпкерлігін қолдау шаралары әйелдер басқаратын кәсіпорындар санын жыл өткен сайын арттыратынын атап өткен жөн. Бұл туралы «Даму» Қорының Басқарма төрайымы Гаухар Бурибаева: «Үкімет Қазақстандағы шағын және орта бизнесті, оның ішінде әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға көп көңіл бөледі. Шағын және орта бизнес иелері құрылымындағы әйел кәсіпкерлердің үлесі «Даму» Қоры қолдаған жобалардың жалпы санының 47%-ына жетті. Қор жұмыс істей бастаған уақыттан бері әйел кәсіпкерлердің 96 мың жобасына 2 893 млрд теңге сомасында қолдау көрсетті. Бизнестегі арулар бизнес-идеяларын жүзеге асыру, компаниясын дамыту мен жаңа жұмыс орындарын ашу үшін берілген мемлекеттік қолдауды тиімді пайдаланатыны қуантады», – деп мәлімдеді.
«Даму» Қоры – Қазақстанда шағын және орта бизнесті дамытуды көздейтін мемлекеттік қолдау құралдарын жүзеге асыратын қаржы агенттігі. Қордың жалғыз акционері – «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ.