8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесі қарсаңында аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев түрлі салада тер төгіп, қоғам дамуы жолында қызмет етіп жүрген әйелдер қауымымен кездесті.

Көрікті кездесуде аудан басшысы әйел-аналарды көктемнің шуақты меркесімен құттықтап, өңіріміздің өркендеуіне аянбай үлес қосып жүрген әйел-аналар мен қыз-келіншектер үшін бұл мейрамның ерекше мәнге ие екенін жеткізді.

-«Көктемнің шуақты сәті Өздеріңіздей асыл жандардың мейрамынан бастау алады. Сіздер тек қана отбасының береке бірлігі, ұйытқысы ғана емес, бүкіл қоғамды алға сүйреп, ел ынтымағын нығайтып, несібесін молайтатын аса қажырлы да қуатты күштің, барша мейірімділіктің бастауы болып келесіздер. Арал өңірінің тыныс-тіршілігіне қатысты сан алуан салада әйелдер үлесінің көбеюі – ел ырысын арттырып жүрген Сіздердің қарымды қабілеттеріңіз бен еселі еңбектеріңіздің дәлелі. Сіздердің ерге бергісіз қызметтеріңіз бен қоғамға жақсылық тілеп жүрген аналық мейірімдеріңізді әрдайым жоғары бағалаймыз. Бейбіт тірлік пен берекелі бірліктің, жарқын болашаққа деген сенімнің ұйытқысы болып отырған барша қыз-келіншектерге, апа – қарындастарымызға, аяулы аналарымызға шынайы ризашылығымды білдіремін»,-деп, ізгі лебізін арнады.

Мерекелік кездесуде әр салада еңбек етіп жүрген нәзік жандыларға аудан әкімінің құттықтауы мен сый-сияпаттар табысталды.

Шарада аудандық мәслихат төрағасы Базарбай Төрахметов сөз алып, әйел-аналарға деген ақжарма тілегін жеткізді. Мұнымен бірге балық шаруашылығының зейнеткері Тілеужанова Балзира, Қарақұм ауылдық округі «Айболат» шаруа қожалығының төрайымы Қуатова Алтынкүл көрсетілген сый-құрметке алғысын білдіріп, еліміздің амандығы мен тыныштығын тілеп, аналық ақ тілектерін жеткізді.

БӨЛІСУ