Айтулы мереке қарсаңында Қазақстан кәрістер қауымдастығы мен Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті бірлесе отырып «1 наурыз – Алғыс айту күні: Тарихтан тағылым – өткенге тағзым» тақырыбында халықаралық форум өтті. Аталған іс-шара корей мемориалды кешенінде Корей халқының батырлары Хон Бом До және Ге Бон У-ға гүл шоқтарын қою рәсімімен басталды.

Халықаралық форум жұмысы Студенттер сарайындағы тақырыптық және сирек кездесетін корей халқы авторларының кітап көрмесімен жалғасты. Сонымен қатар, Ким Михаилдың арнайы фотокөрмесі таныстырылды.

Форум жұмысын Басқарма мүшесі – Ғылыми жұмыс және халықаралық байланыстар жөніндегі проректор Бөрібаева Майнұр Әбілтайқызы ашты.
«Интервью с прошлым. Первомартовское движение» тақырыбындағы деректі фильм көрсетілді. Режиссері – Владимир Хан.

Алғыс айту күніне арналған құттықтау сөзді Шин Юрий Германович Қазақстан-Корейлер Қауымдастығының Төрағасы сөйледі. «ХХ ғасырдың 30-жылдарындағы Қызылорда облысы кәрістері тарихынан» тақырыбында Айтжан Жұмабайұлы – Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Қазақстан халқы Ассамблеясы орталығының жетекшісі, тарих ғылымдарының кандидаты баяндама жасады.

«Алғыс айту, бірлік, тарихи естелік және сабақтастық күні» тақырыбындағы баяндаманы Ким Герман Николаевич – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Азиялық зерттеулер институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы жасады.
«Корея тәуелсіздігі үшін күрескерлерді еске алуға арналған қазіргі қазақстандық корей ұйымдарының қызметі» туралы Абылай хан атындағы Халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің PhD қауымдастырылған профессоры – Хан Нелли Чанировна баяндады.

Сонымен қатар, «Ұрпақ туралы естеліктер» тақырынбында Ким Марина Гемовна – “Корея ағартушысы батыр Ге Бон У-дың ұрпақтары” қоғамдық бірлестігінің өкілі, Ге Бон У-дың шөбересі сөз алып, қорытынды жасады.

Мерекелік іс-шара Daralace шығармашылық үйінің негізін қалаушы, дизайнер Цой Светлананың “Дара” этникалық киім топтамасының таныстырылымы мен мерекелік концерттік бағдарламаға ұласты.

БӨЛІСУ