Қызылорда облыстық “Ақмешіт-Сырдария” орталық мешітінде Сыр имамдарының Рамазан айына дайындық жиыны өтті.

Қала және аудан мешіттері бас имамдары мен наиб имамдарының қатысуымен өткен жиналыста облыстың бас имамы Дастан Жанасұлы ҚМДБ тарапынан бекітілген тапсырмаларды баяндап, отыз күнде атқарылуы тиіс шаралар легі жазылған “Рамазан жоспарын” таныстырды.

Нақтырақ айтар болсақ, қасиетті айда мешіттер мен ауызашар өткізілетін орындардың барлық қажеттіліктермен қамтамасыз етіліп, сақадай сай болуын, қоғамды ізгілікке бастайтын игі істер мен түрлі форматтағы қайырымдылық акциялары көптеп ұйымдастырылып, уағыз-насихат, ақпараттандыру жұмыстары мен дәріс-сабақтардың үздіксіз жүргізілуін қадағалауды тапсырды.

Сонымен қатар,Қазақстан мұсылмандары діни басқармасында Рамазан айына орай БАҚ өкілдерінің қатысуымен өткен баспасөз мәслихатында Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы кәсіпкерлерге арнайы үндеу жасады.

«Осы ретте барша отандастарымды қасиетті айда жүзеге асатын «Рамазан қоржыны», «Рамазан сыйы», «Рамазан тәттісі» «Жомарт жұма», сынды қайырымдылық іс-шараларға үлес қосуға шақырамын. Кәсіпкерлерді әлеуметтік маңызы бар азық-түліктердің бағасына мүмкіндігінше жеңілдік жасауға үндеймін. Рамазан айына тура келген құдайы астарды ауызашар уақытында өткізген абзал екенін айрықша атап өткіміз келеді.

Қоғамдық тамақтану орындарында ауызашар мәзірін халыққа ыңғайлы бағамен ұсыну да – сауапты істің бірі. Дүкендерде күллі жамандықтың бастауы болған арақ-шарап сатылмаса деген тілегімізді жеткіземіз. Сонымен қатар барша халықтың ортақ игілігі үшін салынып жатқан жол, көпір, мектеп, мешіт, медресе, балабақша, спорт кешені сынды маңызды ғимараттарға аз да болса үлес қосып, белсенділік танытуға шақырамын» деді ҚМДБ Төрағасы.

БӨЛІСУ