Студенттер сарайында балаларға арналған «Мейірім» түзету-дамыту орталығының 3 жылдығына арналған, көптің ойында ұзаққа сақталар керемет Workshop өтті.
Мерекелік кешке арнайы шақырылған қонақтар арасында Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Пірмұхаммед Сыздық және палатаның бөлім басшысы Гүлмира Әлназарова қатысты. Олар кәсіпкерлер палатасы тарапынан орталыққа әрқашан қолдау барын жеткізіп, «Мейірім» ұжымын мерейлі мерекемен құттықтады.
Бүгінгі күні «Мейірім» мыңдаған ерекше балалардың қоғамдық өмірге белсенді араласуына оң ықпалын тигізіп, ел игілігі жолында қызмет көрсетіп келетін орталыққа айналған. Ал барлығы Айдар атты кішкене сәбидің ерекше диагнозынан бастау алған. Бұл жағдай барша әулеттің бірігіп, бүгінгі күні 3 жасқа толып отырған ұйымды құруға себепкер болған.
Орталық директоры Дариха Әбілдаева 3 жыл аралығында ұжымымен бірге жеткен жетістіктері мен алдағы мақсаттарға тоқталып өтті. Жемісті жұмыстарының нәтижесі ретінде сауықтыру орталығының балалары сахнаға шығып,өз өнерлерін паш етті. Орталыққа сөйлемей, қимыл-қозғалысында қиындық болып барған балалардың сахнада ширек қозғалып, аналарына ән арнағанын көргендердің арасында көзіне жас алмаған адам болмады.
Сонымен бірге, ұйымдастырушылар республикалық деңгейдегі спикерлер – әлеуметтік кәсіпкер, Гүлмира Пармышева мен балалар психологы Мөлдір Тоқжанованы шақырған. Спикерлер жиылған қауым үшін пайдалы кейстер ұсынып, өз салалары бойынша сұрақтарға жауап берді.
Мерекелік кеш соңында шараға қатысушылар «Мейірім» түзету-дамыту орталығының негізін қалаушылары мен ұжымына «Ұйымдастырушылық қабілеті жоғары» деген баға берді. Шарадан кейін ұйымдастырушылар барша қонақтарды орталықтың жұмысымен таныстырды.

БӨЛІСУ