Киелі Қармақшы мекенінде кәсіпкерлермен кездесу өтті.
Екі күннен бері Қызылорда облыстық кәсіпкерлер палатасы мен мемлекеттік және құзырлы орган өкілдерінен құрылған жұмысшы топ аудан кәсіпкерлерімен кездесуде. Өңіріміздің батыс аймағындағы Арал, Қазалы аудандарынан соң делегация қасиетті Қармақшы еліне табан тіреді.
Қармақшы ауданының әкімі Жандос Еркінбек палата өкілдерін қабылдап, ауданның кәсіпкерлік бағытына жауапты мамандармен таныстырды. Сонан соң, аудан басшысы кәсіпкерлікті қолдау бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды айта отырып, бұл салаға әрқашан қолдау бар екендігін жеткізді.
Аудандық бизнес өкілдеріне арналған жиынды аудан әкімі аппаратының басшысы Ернар Бекенов жүргізіп, кәсіпкерлерді шараға белсене атсалысуға шақырды. Сондай-ақ ол кәсіпкерлерге орайы келіп тұрғанда өздерін толғандыратын барлық сауалдарын қоюға болатынын, жиын еркін форматта өтетінін айтты. Аудан прокуроры Мейрамбек Маханбетжанов өз кезегінде прокуратура өкілдерінің кәсіпкерлермен етене араласып жұмыс жасауға, олардың құқығын қорғауға даярлығын жеткізді.
Кездесу барысында шағын және орта кәсіпкерлік саласының дамуы, салық есептіліктерін тапсыру, кәсіп ашуға берілетін жеңілдетілген несиелер мен мемлекеттік бағдарламалар жөніндегі тақырыптар талқыланды.
Жиын қорытындысында аудан кәсіпкерлері өз сауалдарын қойып, ұсыныстарын білдірді. Сұрақтардың басым бөлігі кәсібін кеңейту жолында алынатын несие мен оған қойылатын кепілдемеге қатысты болды. Осы орайда мамандар барлық тиімді жолдарды түсіндіріп, әр салаға қатысты бағдарламалармен таныстырып өтті.Қызылора облысы кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі