Халықтың денсаулығы негізгі басымдық болуы тиіс. Егістіктерді әртараптандыру арқылы күріш дақылдары алқабын қысқартуды құптаймын,- деп жазба қалдырды экс-сенатор Мұрат Бақтиярұлы.

-Бүгін Сенаттың аграрлық комитетінің ұйымдастыруымен Қызылорда облысындағы Су ресурстарының жай-күйі мен дамуына қатысты көшпелі отырысы өтуде. Сенат депутаттары үлкен дайындықпен келіпті. Жергілікті су мамандары, сарапшылар тарапынан берілген ақпараттық материалдары жан-жақты зерделеніп, нақты ұсыныстарды Су кодексі заңына енгізу керек екендігі айтылды. Ең бастысы суды барынша үнемдеу технологиясын енгізу және осы технологияны қолданушыларды  80% субсиядалау. Өйткені бізде суды каналдар арқылы тасымалдағанда 40% дейін нормативтен тыс шығындар бар екені анықталуда. Қазіргі кезде Қызылорда өңіріндегі Қуаңдария, Ақсай, Қамыстыбас, Ақшатау, Приморск көлдер жүйесі 2002 жылға қарағанда екі есе азайып кеткен. Судың азаюы жергілікті халықтың денсаулығына да әсер етуде. Соңғы отыз жылда жергілікті халықтың жалпы сырқаттанушылық көрсеткіші үш есе өсіп кеткен. Оның ішінде туа біткен ауытқулар он есе өскен. Бұл мыңдаған отбасылардың қасіреті. Бізге суды көп тұтынатын күріш дақылы да, халықтың денсаулығына тікелей әсер ететін Арал теңізі мен көлдер жүйесі де керек. Бірақ халықтың денсаулығы негізгі басымдық болуы тиіс. Егістіктерді әртараптандыру арқылы күріш дақылдары алқабын қысқартуды құптаймын. Сарапшылардың пікірінше бір гектар күрішке 28 мың куб су жұмсалады екен. Енді есептей беріңіз облыста егілетін 89 мың га күріш алқабына 2 млд кубтың үстінде су кетеді. Бұл үлкен су. Күріш өнімінен облыс бюджетіне түсіп жатқан қаржымен осы күріш алқабына кетіп жатқан су үлесінің шығынының ара салмағы қандай? Зерделеу керек. Жер тегістейтін мықты техникалары бар, агромәдениетті берік сақтайтын шарушылықтар ғана күріш еккені дұрыс. Егін егудің экстенсивті түрінен бас тартудың уақыты өтіп кетті. Жуырда ғана Үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде Президенттің Түркістан және Қызылорда облыстарының дихандары суды аз қажет ететін дақылдарды егуге көшу керек деген пікірі өте дұрыс,- дейді Мұхамедов.

БӨЛІСУ